26 Қыркүйек 2026, 16:31 Фото: magnific.com

Қазақстанның дамуы үшін құрылысшы мамандығы ең маңызды жұмысшы кәсіп деп танылды

1,3 мыңнан астам қазақстандық жұмысшы мамандықтардың беделі мен қоғамдағы орны туралы сауалнамаға қатысты.

 

Құрылысшы мамандығы Қазақстанның дамуы үшін ең маңызды жұмысшы кәсіп деп танылды

Еңбек күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі eGov платформасында азаматтардың жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасын анықтау мақсатында сауалнама жүргізді.

Зерттеуге 1 305 адам қатысты. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 76,2%-ы еңбек адамына құрмет көрсетуді маңызды әрі бұлжымас қоғамдық құндылық деп санайды.

Сауалнамаға қатысушылардан еліміздің одан әрі дамуы үшін қай мамандық иелерінің еңбегі маңызды екенін де сұраған.

Бірінші орынға құрылысшылар шықты – сауалнамаға қатысқандардың 20,3%-ы бұл мамандықтың басымдығын атап өткен. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерін 16,7% респондент маңызды деп санайды.

Ал 14,8% қатысушы Қазақстанның болашағы үшін өнеркәсіп өндірісіндегі жұмысшылардың еңбегі маңызды екенін айтқан. Электриктерді 14,4% респондент атап өтті.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысушылар дәнекерлеушілердің, коммуналдық қызмет мамандарының, механиктердің, жүргізушілердің, аспаздардың, слесарьлардың және машинистердің еңбегін де жоғары бағалаған.

Зерттеудің тағы бір бөлігі жұмысшы мамандық иелерінің кәсіби жетістіктеріне арналды. Респонденттердің 19,5%-ы жетістіктері бүкіл елдің назар аударуына лайық еңбек адамдарын білетінін айтқан.

Сонымен бірге 51,6% қатысушы жұмысшы мамандардың жетістіктері ең алдымен салалардың дамуы тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Сондықтан жекелеген мамандарды бөліп көрсету қиын немесе қажет емес деп санайды.

Сауалнамаға қатысқандардың 47,7%-ы еңбек адамдарының қоғамдағы жағдайына және осы бағытта елімізде қабылданып жатқан шараларға көңілі толатынын білдірген.

Ал 41,2% респондент жұмысшы мамандықтардың беделі мен олардың қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін алдағы уақытта қосымша шаралар қабылдау қажет екенін айтқан.

Анықтама: сауалнамаға қатысушылардың 53,1%-ы әйелдер, 46,9%-ы ерлер. Зерттеу жүргізілген кезде респонденттердің 61,2%-ы жұмыс істейтін азаматтар болған.