31 Тамыз 2026, 11:55 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанның болашағы үшін еңбек етуге бар күшімді салуға уәде беремін – Ерлан Қарин

Ерлан Қарин Құрылтай отырысында Мемлекет басшысына сенім білдіріп, елге қызмет етуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтып, жаңа конституциялық құндылықтарды қоғамдық өмірдің берік қағидатына айналдыру маңызды екенін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы 5-7 жылда еліміз қай жағынан болмасын айтарлықтай өзгерді. Өзіңіз айтып өткендей, Қазақстан мүлде жаңа тұрпатты елге айналды. Көптеген салада ауқымды және терең өзгерістер жүріп жатыр. Оның оң нәтижесін халқымыз өз көзімен көріп, сезе бастады. Сіздің қолдауыңыз бен сеніміңіздің арқасында елдегі осындай үлкен тарихи өзгерістер ортасында жүруге мүмкіндік алдық. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз жиі айтатын бір сөз бар: әрбір азамат үшін елге қызмет ету – үлкен бақыт әрі зор мәртебе. Маған да осы жылдары осындай мүмкіндік беріп, сенім білдіргеніңіз үшін үлкен алғыс айтамын. Қандай қызметте болсақ та, әрдайым өзіңіз айқындаған міндеттерді адал атқарып, Қазақстанның болашағы үшін еңбек етуге бар күшімді салуға уәде беремін. Қадірлі қауым, жаңа Конституциямен Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталды. Ендігі мақсат – жаңа конституциялық құндылықтарды қоғамдық өмір қағидатына айналдырып, қоғамдық санада орнықтыру, – деді Вице-президент.

Оның сөзінше, кешегі өткен Құрылтай сайлауы, елдегі конституциялық реформалар қоғамдық өмірге көптеген жаңа есімдердің, жаңа тұлғалардың келуіне себеп болды.

Осы тарихи сәтте барлық ел азаматтарын Президентіміздің айналасына топтасып, жұдырықтай жұмыла түсуге шақырамын, – деді Ерлан Қарин.