Нәтижесінде Қазақстан құрамасы сапында әлемдік додаға қатысатын бес оқушы іріктелді.
Ұлттық құрамаға Алматыдағы Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицей мен Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның оқушылары енді:
Абдулла Арнұр Нұрланұлы;
Бердали Аспандияр Хамитұлы;
Серік Нұртас Ерболұлы;
Ендібай Ерасыл Ділмұрадұлы;
Мақсұт Хусейн Асетұлы.
Байқау Қазақ ұлттық спорт университетінде ұйымдастырылып, оған еліміздің әр өңірінен 40-қа жуық команда қатысты. Сонымен қатар жарысқа Өзбекстаннан келген командалар да қосылды.
Биылғы тапсырманың негізгі тақырыбы — орман өрттерінің алдын алу, оның зардабын азайту және өрттен кейінгі аумақтарды қалпына келтіруге арналған технологиялық шешімдер әзірлеу.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы робототехникадан төрт рет әлем чемпионы атанған. Биылғы FIRST Global Challenge әлем чемпионаты Инчхон қаласында өтеді. Оған 190 елден 1 000-нан астам қатысушы жиналады. Сонымен қатар 2026 жылдан бастап FIRST Global Challenge халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының тізіміне енгізілді.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері "бакалавриат" санаты бойынша "Болашақ" халықаралық стипендиясына үміткер бола алады.