Қазақстанның атын әлемге таныттыңыздар – Тоғжанов оқушыларды құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Дүниежүзілік гимназиада – 2022 жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады.

Бұған дейін қазақстандық 234 оқушы алғаш рет Францияда өткен спорт додасына қатысқанын хабарлаған болатынбыз.

Еліміздің ұлттық құрамасы үздік үштікке еніп, 86 медаль жеңіп алды. Жас спортшыларымыз 33 алтын, 32 күміс және 21 қола медаль иеленді. 

Қазақстандық оқушылар жүзу, таеквондо, жеңіл атлетика, дзюдо, жүзу, еркін күрес, семсерлесу, көркем гимнастика, спорттық гимнастика, садақ ату, бокс, грек-рим күресі, әйелдер күресі және регби сияқты спорт түрлерінен жүлделі орындарға ие болды. 

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Дүниежүзілік гимназиаданың жеңімпаздарын құттықтады.

Дүниежүзілік гимназиадаға барып қатысу бар, бірақ онымен қоса жетістікке жету де бар. Сіздер тек жетістікке жетіп қана қоймай, Тәуелсіз Қазақстанның туын бүкіл дүниежүзіне көтердіңіздер. Қазақстанның атын әлемге таныттыңыздар. Бұл жай ғана жеңіс емес. Себебі әр жеңістің артында үлкен еңбек жатыр. Енді соның нәтижесін бүкіл елге, халқымызға көрсетіп отырсыздар. Сонымен қоса, өздеріңіздің де, ата-аналарыңыздың да, мектептің де жеңіске қосқан еңбегі бар, - деп айтты вице-премьер.

Ол биылғы жылды Президент Балалар жылы деп жариялағанын еске салды. Осы ретте оқушылардың ерекше жеңісі осы айтулы датамен тұспа-тұс келіп отыр.

Бұл – сіздердің Балалар жылына тартқан сыйларыңыз. Сол үшін сіздерге алғыс айтқым келеді. 70 мемлекет қатысқан жарысқа алғаш рет қатысып, осындай ІІІ орынға жету әр мемлекетке бұйыра бермейді. Бірақ сіздердің төккен теріңіздің, еңбектеріңіздің, бойларыңыздағы ерекше күш-жігеріңіздің арқасында жеңіске жеттік деп ойлаймын. Сіздер сияқты азаматтар тұрғанда Тәуелсіз Қазақстанның болашағы зор, - деп Ералы Тоғжанов оқушыларға алғысын айтты.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы