Қазақстанның алтын-валюта резервтері төмендеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері 2022 жылғы мамырда алдын ала деректер бойынша 1,9%-ға төмендеп, 32,8 млрд долларды құрады.
Алтын-валюта резервтерінің азаюы АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігінің артуы аясында алтын бағасының төмендеуі есебінен болды. Алтын-валюта резервтеріне ықпал еткен қосымша факторлар – ЕДБ-нің Ұлттық банктегі корреспонденттік шоттарының төмендеуі және мемлекеттік қарыздың төленуі, – делінген ҚР Ұлттық банкі хабарламасында.
Негізінен, жергілікті валюта нарығында шетел валютасын сатып алу алтын-валюта резервтерінің валюталық бөлігін ішінара қалпына келтірді.
Елдің халықаралық резервтері тұтастай алғанда, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (53,8 млрд доллар) қоса алғанда, 2022 жылғы мамырдың соңында 86,6 млрд долларды құрады.
Бұл ретте ақша базасы 0,9%-ға қысқарып, 9 875 млрд теңгені құрады (жыл басынан бері - 9,9%-ға). Ұлттық банктегі Екінші деңгейдегі банктердің мерзімді депозиттерін есептемегенде ақша базасы 2,8%-ға, 7 037,7 млрд теңгеге дейін қысқарды (жыл басынан бері 1,3%-ға кеңейді).
Мамыр айында ақша массасы 2,3%-ға төмендеп, 28 319,2 млрд теңгені құрады (жыл басынан бері - 5,9%-ға), айналыстағы қолма-қол ақша 1%-ға, 3 076,8 млрд теңгеге дейін азайды (жыл басынан бері 2,6%-ға өсті).