Алғашқы АЭС: Қазақстан неге ВВЭР-1200 реакторын таңдады?
ВВЭР-1200 реакторы «Росатомның» ең көп сұранысқа ие жобасы саналады.
Қазақстан мен Ресей алғашқы атом электр станциясы жобасын іс жүзінде жүзеге асыру кезеңіне өтті. Тараптар станция құрылысы мен экспорттық несие беру жөніндегі келісімдерге қол қойды, ал халықаралық консорциумның жетекшісі ретінде «Росатом» таңдалды. Жоба үшін III+ буындағы ВВЭР-1200 реакторлары ұсынылған. Мемлекеттік корпорацияның басшысы Алексей Лихачев бұл реакторларды «сатылымдағы бестселлер» деп атады. BAQ.KZ тілшісі неге дәл ВВЭР-1200 таңдалғанын, екі энергоблок Қазақстанға жеткілікті бола ма, жобаның құны қаншалықты негізді және Балқашқа арналған нұсқаның Ресейдегі ұқсас жобалардан қандай айырмашылығы болуы мүмкін екенін анықтап көрді.
Неліктен дәл ВВЭР-1200 таңдалды?
ВВЭР-1200 – III+ буындағы су-сулы энергетикалық реактор. Бір энергоблоктың қуаты шамамен 1200 МВт. Қазақстанда жалпы орнатылған қуаты шамамен 2,4 ГВт болатын екі энергоблок салу қарастырылып отыр.
Бұл технологияны таңдаудың басты себептерінің бірі – оның тәжірибеде кеңінен қолданылып, тиімділігі дәлелденгендігі. Атом энергетикасын енді ғана дамыта бастаған Қазақстан үшін тәжірибеден өткен өнеркәсіптік шешім әлдеқайда маңызды, ал эксперименттік жобаға қызығушылық төмен.
«Қазақстанның энергетикалық жабдық өндірушілері, энергетикалық жөндеу, жобалау және инжинирингтік компаниялары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Сергей Агафоновтың пікірінше, бұл мәселені ең алдымен елдің энергетикалық жүйесінің ірі атом энергоблогын қабылдауға дайындығы тұрғысынан қарастыру қажет.
Оның айтуынша, әлемдегі атом электр станцияларындағы энергоблоктардың басым бөлігінің қуаты 1000-нан 1400 МВт-қа дейінгі аралықта, ал сирек жағдайда 1600 МВт-қа дейін жетеді. Қуаты төмен блоктардың экономикалық тиімділігі аз болуы мүмкін, ал шамадан тыс ірі қуат көздерін энергетикалық жүйеге біріктіру әлдеқайда күрделі.
Кез келген энергетикалық жүйе үшін тұрақтылықтың жазылмаған бір қағидасы бар: іске қосылатын кез келген генерация көзінің жеке қуаты бүкіл энергожүйе қуатының 10 пайызынан аспауы тиіс. Сондықтан қуаты 1200 МВт болатын энергоблок қалыптасқан диапазондағы оңтайлы деңгей саналады және біздің энергетикалық жүйеге жақсы кіріге алады, – дейді Агафонов.
Сарапшының пікірінше, болашақ атом электр станциясы салынатын өңірдегі электр желілерінің конфигурациясы мен жүктеме құрылымы да дәл осындай қуаттағы станцияны орналастыруға қолайлы жағдай жасап отыр.