Қазақстаннан Кипрге тікелей әуе рейсі ашылды

Енді қазақстандықтар Кипрге тікелей әуе рейсімен қатынай алады. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанның азаматтық авиация саласында халықаралық бағыттарды кеңейтуге бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Соның нәтижесінде Жерорта теңізі аймағындағы танымал туристік бағыттардың бірі - Кипрмен әуе қатынасы ашылды.

Осы жазғы маусымда Air Astana әуекомпаниясы Кипрдің Ларнака қаласына тұрақты тікелей рейстерді іске қосты. Әуе билеттері сатылымға шығарылып, рейстер маусым айынан қыркүйекке дейін орындалады.

Астана қаласынан Ларнака бағыты бойынша ұшулар 2 маусым мен 5 қыркүйек аралығында аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері жүзеге асады. Ұшу уақыты шамамен 5 сағат 40 минутты құраса, кері бағытта жол 5 сағат 5 минутқа созылады.

Алматы қаласынан Кипрге тікелей рейстер 4 маусымнан 6 қыркүйекке дейін бейсенбі және жексенбі күндеріне жоспарланған. Бұл бағыттағы ұшу ұзақтығы 6 сағат 5 минут, ал кері сапар 5 сағат 30 минутқа жуықтайды.

Жолаушыларды тасымалдау заманауи әрі алыс қашықтыққа лайықталған Airbus A321LR үлгісіндегі әуе кемелерімен орындалады.

Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа тікелей әуе бағыты Қазақстан мен Кипр арасындағы туристік ағынды арттыруға, сондай-ақ демалыс пен іскерлік сапарларды жоспарлауды айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Үндістан қазақстандықтарға 30 күнге визасыз режим енгізгені белгілі болған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы