Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейсі қашан ашылады?
Алдағы екі жылда елімізден АҚШ-қа тікелей әуе қатынасы ашылады. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Тимур Тілеген мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, елімізде Нью-Йоркке тікелей ұшуға қатысты жоспарлар бар. Сондай-ақ Тимур Тілеген кеше АҚШ елшілігімен әуе қатынасын орнату жөнінде онлайн кездесу өткенін атап өтті.
Бүгінгі таңда 5 қазақстандық авиатасымалдаушы («Эйр Астана» компаниялар тобы, SCAT, Qazaq Air, Southern Sky, Жетісу) 56 ішкі әуе бағыты бойынша аптасына 706 рейс орындайды. Еліміздегі рейстерді арттыру үшін ол субсидияланады. Бұл шара 2002 жылдан бері қолданылып келеді, мақсат – орталықты өңірлік әуе желілерімен байланыстыру. Қазақстанда 23 әуе бағыты субсидияланады. Халықаралық тасымалдарға келетін болсақ, қазіргі таңда 3 отандық және 26 шетелдік авиакомпания аптасына 494 рейс жасайды. 102 әуе бағыты бойынша 27 елге халықаралық жолаушылар рейсін орындайды, - деді спикер.
Биыл 4 елге 8 бағыт бойынша рейстер қайта жанданады. Комитет төрағасының түсіндіруінше, АҚШ тікелей ұшуға өте қатаң талаптар қояды. Авиация әкімшілігімен бұл тарапта жұмыс жүргізіліп жатыр. Рейсті ашу 2025 жылға жоспарланған.
Жылдың соңына дейін Пәкістанға (Карачи, Лахор), Оманға (Маскат), Израильге (Тель-Авив) және Малайзияға (Куала-Лумпур) 8 жаңа халықаралық бағыт ашылады деп күтілуде. Осылайша қазақстандық әуе тасымалы нарығына IndiGo (Үндістан – 15 тамыз), Air Asia (Малайзия 4-ші тоқсан), Salam Air (Оман – осы жылдың шілдесі) сияқты ірі шетелдік арзан авиакомпаниялар шығады. Сондай-ақ, орта және ұзақ мерзімді әуе рейстерін ашу жоспарлануда. Бұхара, Прага, Гонконг, Вена, Токио, Сингапур, Нью-Йорк және т.б, - деді Тимур Тілеген.