9 Шілде 2026, 19:21 Фото: depositphotos.com

Қазақстаннан 350 мың долларды заңсыз алып шықпақ болған шетелдік ұсталды

Тексеру барысында жалпы сомасы 636 млн теңгеден астам қаражаттың декларацияланбағаны анықталды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі шетелге қолма-қол ақшаны заңсыз алып шығу әрекеттерінің жолын кесу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр. Елімізден 350 мың долларды заңсыз алып шықпақ болған шетелдік ұсталды.

ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, 30 маусым мен 7 шілде аралығында мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде осындай 38 заңсыздық анықталған. Тексеру барысында жалпы сомасы 636 млн теңгеден астам декларацияланбаған қаражат табылған.

Жамбыл облысындағы "Қордай" автомобиль өткізу бекетінде шетел азаматының жүгін тексеру кезінде 350 мың АҚШ доллары (170 037 000 теңге) анықталды, – делінген ресми хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, аталған деректер бойынша материалдар процестік шешім қабылдау үшін құзырлы органға жолданды.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қазақстан заңнамасына сәйкес ел аумағынан 10 мың АҚШ долларының баламасынан асатын қолма-қол ақшаны декларациясыз алып шығуға тыйым салынғанын еске салады.