"Қазақстанмен мақтанамын": Отандық өнер және спорт жұлдыздары жаңа челленджге үн қосты
Әлеуметтік желіде бастау алған "QAZAQSTAN" челленджіне қатысушылардың саны күннен күнге артып жатыр. Олардың қатарын танымал өнер және спорт жұлдыздары, сондай-ақ белсенді жастар толықтырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Айта кетейік, соңғы бірнеше күннен бері Instagram және TikTok әлеуметтік желісінде белсенді азаматтар ерекше челлендж бастаған болатын.
Өнер, мәдениет, спорт қайраткерлері, қоғам белсенділері, саяси тұлғалар өз отанын, яғни Қазақстанды ерекше сүйетенін түрлі жолмен жеткізіп жатыр.
Бұған дейін акцияға қатысқандар қатарында тележүргізушілер Динара Сәтжан мен Айгерім Есенәлі, кино жұлдыздары Шынар Жанысбекова, Саят Мерекеұлы және Динара Егеубаевалар болған.
Бұл жолы олардың қатарын қазақ футболының аңызы Самат Смақов, актер Құмар Лұқманов, блогер Мөлдір Мұқан, "Жастар рухы" жастар қанатының белсенді қыз-жігіттері толықтырды.
Айта кетейік, әлеуметтік желідегі патриоттық челлендждер жыл сайын Республика күні және Тәуелсіздік күні мерекелері қарсаңында өткізіліп отырады. Оның басты мақсаты – қазақстандықтарды патриоттыққа үгіттеу.