Қазақстанға тағы 500 млн доллар қажет: Үкімет қаражатты қайдан алады?
Бюджет тапшылығын жабу үшін тартылатын қаражат жол инфрақұрылымы мен денсаулық сақтау салаларын қаржыландыруға бағытталады.
Қазақстанда 2026 жылдың соңына дейін бюджет қажеттіліктерін өтеу үшін тағы 500 млн доллар тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер халықаралық қаржы ұйымдарынан экономиканы дамыту мақсатында қомақты көлемде қарыз алу елдің борыштық жүктемесін арттырып, қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірмей ме деген сауал қойды.
Ведомство басшысы 2026 жылға арналған республикалық бюджетте 4,6 трлн теңге көлемінде тапшылық қарастырылғанын атап өтті.
Бұл мәселе былтырдан бері қарастырылып келеді. Біз осы 4,6 трлн теңге тапшылықты ішкі және сыртқы нарықтардан қарыз алу арқылы жабуды жоспарлап отырмыз. Сыртқы нарықтан 1,6 трлн теңге және 3,5 млрд доллар тарту көзделген. Оның 1 млрд долларын көктемде Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкінен алғымыз келеді. Қытайдан тағы 1,5 млрд доллар көлемінде панда-облигациялар шығарылды. Оның мөлшерлемесі 1,82 пайыз болды. Бұдан бөлек, Азия даму банкінен 500 млн доллар тарту жоспарланып отыр. Тиісті заң жобасы қаралды. Бұл – 15 жыл мерзімге берілетін қарыз, оның ішінде үш жыл жеңілдік кезеңі бар. Жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 1,69 пайыз, – деп түсіндірді министр.
Айтуынша, жыл соңына дейін Қазақстан тағы 500 млн доллар тартуы қажет. Бұл үшін қаржыландырудың өзге де көздері қарастырылмақ. Оның пікірінше, қосымша қаражат мемлекеттік бюджеттің қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты журналистер тартылатын қаражаттың қандай мақсаттарға жұмсалатынын сұрады.
Қаражат бюджет қажеттіліктерін қаржыландыруға, соның ішінде жол инфрақұрылымы мен денсаулық сақтау салаларына бағытталады, - деп түсіндірді ведомство басшысы.