Қазақстанға шетелден көлік әкелу қиындай ма: Жаңа талаптардың нарыққа әсері белгілі болды
Сарапшының айтуынша, жаңа талаптар ресми дилерлердің сатылымын арттыруы мүмкін. Алайда автокөлік бағасының күрт өсуі әзірге күтілмейді.
Қазақстанға шетелден автокөлік әкелуге қойылған жаңа талаптар бейресми дилерлердің жұмысына әсер етеді. Енді елге әкелінетін көліктер бес жылдан аспауы және Еуро-5 экологиялық стандартына сай болуы керек. Жеке тұлғалар үшін кедендік баж мөлшері 48 пайыз болса, заңды тұлғалар үшін бұрынғы 15 пайыздық мөлшерлеме сақталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, бұл өзгерістер ресми дилерлердің сатылымын арттыруға ықпал етуі мүмкін. Алайда ол көлік бағасы бірден өседі деп есептемейді.
Жаңа талаптар кімдерге әсер етеді?
Алексей Алексеевтің сөзінше, жаңа талаптар 26 қыркүйектен бастап енгізілген. Негізгі өзгерістердің бірі – Қазақстанға бес жылдан асқан автокөліктерді әкелуге шектеу қойылуы. Бұған қоса, көліктер Еуро-5 экологиялық класына сәйкес келуі керек.
Жеке тұлғалар үшін кедендік баж 48 пайыз болып белгіленген. Ал заңды тұлғаларға қатысты 15 пайыздық мөлшерлеме өзгермеген.
Бұл талаптар негізінен сұр дилерлерге, яғни автокөліктерді ресми емес жолмен әкеліп, сатушы мен сатып алушыны байланыстыратын делдалдарға әсер етеді. Бізге көліктердің негізгі бөлігі Қытайдан келеді. Сондай-ақ АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Балтық жағалауы елдері мен Оңтүстік Кореядан көлік әкелетіндер бар, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, ескі көліктерді әкелуге қойылған шектеу Қазақстанның әлемдегі ескірген автопарктердің қалдығы жиналатын елге айналмауына бағытталған.
Еуро-5 экологиялық стандарты Еуропада 2006 жылы енгізілген. Содан бері көп уақыт өтті, қазір Еуропада Еуро-7 стандарты да енгізіліп жатыр. Дегенмен сарапшының пікірінше, Қазақстан нарығына Еуро-5 талабынан гөрі көліктің бес жылдан аспауына қойылған шектеу көбірек әсер етеді.
Себебі бес жылдық шектеудің өзі көптеген ескі көлікті әкелуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан бұған дейін шетелден ескі машиналар сатып алып келген адамдардың таңдауы азаяды.
Сирек кездесетін көліктерді әкелу қиындайды
Жаңа талаптар тек ескі көліктерді саудалайтындарға ғана емес, шетелден өзіне арнайы көлік алдырғысы келетін адамдарға да әсер етуі мүмкін.
Мәселен, біреу сирек кездесетін модельді, коллекциялық автокөлікті немесе көптен бері армандаған көлігін сатып алғысы келуі мүмкін. Алайда егер ол машина бес жылдан асқан болса, оны Қазақстанға әкелу мүмкіндігі шектеледі.
Мұндай көліктерге қандай да бір ерекшелік қарастырылатыны әзірге белгісіз. Алексей Алексеев коллекциялық машиналарға қатысты арнайы ережелер болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, бірақ бұл мәселе бойынша нақты мәліметі жоқ екенін айтты.
Сарапшы Еуро-5 талабы Ресейден әкелінетін көліктерге де әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Қазір Ресейден Қазақстанға көлік әкелу көлемі онсыз да азайған, тіпті дерлік тоқтаған. Соған қарамастан, экологиялық стандарт бұл бағыттағы кейбір көліктерді әкелуге кедергі келтіруі ықтимал.
Қолданыстағы көліктердің бағасы қашан өзгереді?
Автосарапшының пікірінше, жаңа талаптардың екінші нарықтағы көлік бағасына қалай әсер ететінін 2027 жылдың бірінші жартысында ғана нақты байқауға болады.
Себебі дилерлердің қазір қолындағы көліктер кемінде жарты жыл бұрын сатып алынған. Ол кезде валюта бағамы мен кедендік талаптар қазіргі жағдайдан өзгеше болған.
Барлық жаңа талап күшіне еніп, нарық өзгере бастағанда ғана оның әсерін көреміз. Менің білуімше, дилерлер қазір бағаны көтеруге бейім емес. Нарықтың жағдайы жақсы, валюта тұрақты, бағамда айтарлықтай ауытқу жоқ. Сондықтан бағаны өсіруге ерекше себеп көріп тұрған жоқпын. Оның үстіне бағаны көтерсе, сұраныс төмендейді, – дейді Алексей Алексеев.
Оның айтуынша, жаңа талаптардың негізгі мақсаты – ресми дилерлердің сатылымын арттыру. Шетелден көлікті бейресми жолмен әкеліп жүрген сатып алушылардың бір бөлігі ресми дилерлерге жүгінуі немесе екінші нарықтан көлік іздеуі мүмкін.
Дегенмен сарапшы мұндай сатып алушылардың үлесі аса үлкен емес екенін атап өтті. Сондықтан жаңа талаптар бүкіл автонарыққа қатты әсер етеді деп ойламайды.
Ресми дилерлердің артықшылығы неде?
Алексей Алексеев ресми автонарықтың басты артықшылығы ретінде кепілдік, сервистік қызмет және қосалқы бөлшектердің қолжетімділігін атады.
Ресми дилерден көлік сатып алған адам ақау шыққан жағдайда қайда жүгіну керегін біледі. Ал бейресми нарықтан алынған көлік бұзылса, иесі мәселені көбіне өзі шешуге мәжбүр болады. Қосалқы бөлшек іздеу, жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру және сатушымен мәселені реттеу де қиындық туғызуы мүмкін.
Ресми нарық дегеніміз – өркениетті нарық. Адам көлікті кепілдікпен алады, сервистік қызмет көрсетіледі, қосалқы бөлшек іздеп қиналмайды. Егер ақау шықса, дилерге барады және мәселені қалай шешуге болатынын біледі. Ал сұр нарықтан көлік алған адам сапасыз тауарға тап болса, мәселені өзі шешуге мәжбүр. Мұндай жағдайға наразы адамдар көп, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, кейбір тұтынушылар қытайлық көліктердің сапасына шағымданып, сатып алған машинасы бұзылғанын айтады. Алайда бейресми жолмен көлік алған кезде қандай жағдайларға тап болуы мүмкін екенін алдын ала ескерген жөн.
Сарапшының пікірінше, жаңа талаптар ресми нарықтың үлесін арттырып, автокөлік саудасын біршама ретке келтіруі мүмкін. Ресми дилерлердегі баға жоғары болғанымен, кепілдік пен сервистің болуы тұтынушы үшін маңызды. Бұл өзгерістер көлік қауіпсіздігіне де оң әсер етуі ықтимал.
Ресми көліктердің тағы бір артықшылығы – қазақ тіліндегі интерфейс
Сарапшы ресми дилерлерден алынған көліктердің тағы бір ерекшелігіне назар аударды. Оның айтуынша, ресми нарықтағы автомобильдерде қазақ тіліндегі интерфейс болуы мүмкін. Ал бейресми жолмен әкелінген көліктердің көбінде мұндай мүмкіндік жоқ.
Алексей Алексеев жақында Geely маркасының жаңа моделі таныстырылымына қатысқанын айтты. Оның сөзінше, жаңа көліктің интерфейсі қазақ тілінде ұсынылған.
Бұл жағымды, дұрыс әрі ыңғайлы. Бейресми әкелінген көліктерде қазақ тілі жоқ. Ең жақсы жағдайда ағылшын тілі болады, кейбірінде орыс тілі бар. Ал қазақ тілін қамтамасыз ете алмайды, өйткені оны ешкім аударып бермейді, – деді ол.
Осы тұрғыдан алғанда, ресми дилерлерден көлік алу тұтынушыларға қызмет көрсету сапасы мен қолайлылық жағынан да артықшылық береді.
Қазақстанда жаңа көлік сатылымы рекорд жаңартуы мүмкін
Алексей Алексеевтің айтуынша, биыл Қазақстандағы жаңа көлік сатылымы 240–245 мыңға жетуі мүмкін. Тіпті 250 мың автомобиль сатылуы да ықтимал. Бұл отандық автонарық тарихындағы кезекті рекорд болмақ.
Сарапшының пікірінше, ресми дилерлерге сұраныстың артуы осы нәтижеге жетуге ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар Қазақстанда шығарылатын көліктердің нарықтағы үлесі де өсіп келеді.
Қазір сатылатын жаңа автомобильдердің 70 пайызы Қазақстанда өндіріледі. Бұл үлес алдағы уақытта өсе береді. Алматыда тағы бір автомобиль зауыты салынып жатыр. Оны 2028 жылдың соңында іске қосу жоспарланған. Соның нәтижесінде кемінде үш жаңа марка мен тоғызға жуық жаңа модель пайда болады, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, жаңа зауытта шығарылатын көліктердің негізгі бөлігі ішкі нарыққа бағытталады. Себебі қазір Қазақстаннан сыртқы нарыққа жөнелтілетін автомобильдердің көлемі аз.
Сарапшы отандық өндірістің біртіндеп кеңейіп, жергілікті көліктерге деген сұраныстың арта түсетінін болжап отыр. Оның пікірінше, сұраныс пен сатылым жоғары болған жағдайда өндірушілердің бағаны көтеруге айтарлықтай қажеттілігі болмайды. Ал сатылым төмендеген кезде компаниялар шығындарын өтеу үшін бағаны өсіруге тырысуы мүмкін.
Биыл, керісінше, көптеген компания өз бағасын төмендетті. Сондықтан мен ресми дилерлер жаңа талаптарға байланысты көлік бағасын көтереді деп ойламаймын. Олар жай ғана көбірек көлік сатады деп есептеймін, – деп түйіндеді Алексей Алексеев.