Қазақстанға шетелден 100 үздік маман шақырылады
Елімізде тапшы әрі сырттан жиі шақырылатын мамандықтар түрі бойынша шетелден 100 үздік маманды өзімізге тарту көзделіп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде тапшы әрі сырттан жиі шақырылатын мамандықтар түрі бойынша шетелден 100 үздік маманды өзімізге тарту көзделіп отыр. Ол үшін Қазақстанда тұруға ықтиярхат беру қаралған «Бағалы дағдылар визасы» болады, - деп айтты Ілияс Испанов брифингте.
Сонымен бірге «Құнды дағдылар рейтингі» жасалады. Бұл рейтингтегі тапшы кәсіптер мен мамандықтар тізімі үнемі жаңартылып отырады.
Негізгі мақсат – білім трансферті мен осы кәсіптер бойынша өз мамандарымызды даярлау. Көрші елдерден, соның ішінде тіркеусіз, бейресми арналар арқылы келіп жатқан еңбек мигранттары қозғалысын есепке алуды күшейту, - дейді Еңбекмині өкілі.
Ілияс Испанов еңбек мигранттарын тарту жеке тұлғалардың нақты сұранысына сай айқындалатынын және олардың жұмыс орнына қатаң бақылау орнатылатынын айтты.