Қазақстанға Ресейден әкелінген ағаштан қауіпті қоңыз табылды
Ақмола облысында Ресейден әкелінген ағаш материалдарынан қарағайдың қара мұртты қоңызының дернәсілдері анықталды. Кәсіпкер әкімшілік жауапқа тартылды.
Ақмола облысында карантиндік тексеру барысында Ресейден жеткізілген ағаш материалдарының құрамынан қауіпті зиянкес – қарағайдың қара мұртты қоңызының дернәсілдері анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, көлемі 40 текше метр болатын қарағай өнімдері Ресей Федерациясының Қорған облысынан әкелінген.
Тексеру жұмыстарын ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Көкшетау қалалық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары жүргізген. Бақылау кезінде өнімнің залалдану белгілері анықталып, кейін зертханалық сараптама оның құрамында зиянкестің дернәсілдері бар екенін растады.
Аталған факт бойынша карантин талаптарына сәйкес келмейтін өнімді елге әкелген жеке кәсіпкерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Ведомство өкілдері карантиндік нысандардың Қазақстан аумағына әкелінуі мен таралуына жол бермеу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар өсімдік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары да күшейтілген.