Бүгiн 2026, 16:06 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанға қандай мамандар қажет? Салалар тізімі жарияланды

Сарапшы жаңа көші-қон саясатындағы басты қателікті атады.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ алаңында Қазақстан Президентінің «Жоғары білікті мамандарды, шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлерді тарту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында көші-қон саясатын жетілдіру шаралары туралы» Жарлығын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шара барысында сарапшылар Қазақстанның жаңа көші-қон саясаты, адами капиталды дамыту және шетелден тартылатын кәсіби кадрларға қойылатын талаптар туралы пікір білдірді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлеуметтану кафедрасының PhD, доценті Нұрлан Байғабылов қазіргі кезде Қазақстанда көші-қон және кәсіби миграция мәселелері бойынша зерттеулер жүргізіліп жатқанын айтты.

Оның сөзінше, шетелден келетін кәсіби мамандардың тек біліміне ғана емес, олардың нақты құзыреттілігіне де ерекше назар аудару қажет.

Қазақстан жағдайында шетелден тартылатын кадрлардың кәсіби құзыреттілігі маңызды. Яғни бізге тек дайын маман емес, өз білімін жергілікті кадрларға бере алатын, тәжірибесімен бөлісетін мамандар қажет, – деді сарапшы.

Ол әсіресе цифрландыру, кәсіпкерлік, жаңа бизнес-модельдер, инновация, урбанистика салаларындағы мамандарға сұраныс жоғары екенін атап өтті.

Сарапшының айтуынша, шетелдік мамандардың тәжірибесін Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық жағдайына бейімдеу де маңызды.

Бізге келетін мамандар жергілікті кадрлармен жұмыс істеп, тәжірибе алмасып, қоғамға интеграциялана алуы керек. Бұл тек еңбек миграциясы емес, белгілі бір әлеуметтік интеграция процесі, – деді Нұрлан Байғабылов.

Ол қазіргі халықаралық тәжірибеде көші-қон тек бақылау құралы емес, адами капиталды дамыту тетігі ретінде қарастырылатынын айтты.

«Тек мегаполистерге емес, өңірлерге де назар аудару керек»

Сарапшы көші-қон саясаты тек Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларға бағытталмауы тиіс екенін айтты.

Тек мегаполистік фокус болмауы керек. Өңірлерге де кәсіби мамандар қажет. Сондықтан көші-қон саясаты аймақтық дамумен қатар қарастырылғаны дұрыс, – деді ол.

Сонымен қатар сарапшы шетелден келетін мамандардың стресс-менеджмент, психологиялық бейімделу, мәдени интеграция сияқты дағдыларына да мән беру қажет екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстанда әсіресе ғылым, педагогика, инновациялық білім беру, урбанистика бағыттарында жаңа көзқарастағы мамандарға қажеттілік бар.

Бүгінде бізге новатор-педагогтар, жаңа урбанистикалық көзқарасы бар мамандар қажет. Бірақ мұның барлығы ұлттық қауіпсіздік мәселесімен қатар қарастырылуы тиіс, – деді Байғабылов.

Сарапшы қазіргі көші-қон саясаты кәсіби мамандарды Қазақстан қоғамына бейімдеуге, олардың әлеуетін ашуға және жергілікті кадрлармен бірлесіп жұмыс істеуіне бағытталғанын айтты.

Оның пікірінше, халықаралық тәжірибеде кәсіби миграцияны «әлеуметтік келісім» ретінде қарастыру үрдісі қалыптасып келеді.