Бүгiн 2026, 09:14 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанға қандай инвестор керек? – экономист пікірі

Қазақстан «шетелдік инвестор келсе болды» дейтін кезеңнен өтті.

Бұрын елге кез келген шетелдік капитал тарту басты мақсат болса, бүгінде басымдық сапа мен ұзақмерзімді әсерге беріліп отыр. Экономист Айбар Олжай бұл өзгерісті заңды процесс деп бағалайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Кез келген инвестор емес, сапалы инвестор қажет»

Сарапшының айтуынша, Қазақстан «шетелдік инвестор келсе болды» дейтін кезеңнен өтті. Ендігі міндет – технология әкелетін, өндірісті жаңартатын және ел ішінде қосымша құн қалыптастыратын инвесторларды тарту.

Айбар Олжай бұл ретте маңызды бір трендті атап өтеді.

Көбіне өзіміздің ұлттық буржуазиядан шыққан, осы жерді білетін және болашағын осы жермен байланыстыратын отандық инвесторлар қазір экономикамызға жан бітіре бастады. Біз үшін ескі кеңестік, шіріп жатқан құрылғыларды соңғы демі қалғанша пайдаланып, ештеңені жаңартпай, бар ақшаны сорып алып кеткен Митталдар үлкен сабақ болды деп ойлаймын, - дейді экономист.

Көктасжал: сәтсіз тәжірибеден кейінгі жаңа кезең

Сарапшы мысал ретінде Қарағанды облысындағы Көктасжал кен орны жағдайын келтіреді.

Бірнеше жыл бойы кен орнын игерген түрік инвесторы жобаны тиімді жүзеге асыра алмаған.

Жер астында жатқан 50 миллион тоннадан астам руданы түрік инвесторы игере алмады. Олардың «Алтай полиметалы» компаниясы тығырыққа тіреліп, 18,2 миллиард теңге шығынға батқан. Ал қарызы 305 миллиард теңгеден асып кеткен. Ақырында өндіріс тоқтады, құрал-жабдық тозды, экология нашарлады. Жергілікті халыққа еш пайда келмеді. Жұмыс орны ашылмады, - дейді ол.

Жаңа инвестор – жаңа мүмкіндік

Қазір кен орны отандық Altyndara компаниясына өтті. Жоба аясында 500 млн доллар инвестиция салынады, жаңа кен орындары игеріледі және Қызылшоқыда байыту комбинаты салынады. Нәтижесінде 800 жаңа жұмыс орны ашылады.

Айбар Олжай қазіргі инвесторлардың басты айырмашылығы – толық өндірістік цикл құруға ұмтылуында екенін айтады.

Біздің кәсіпкерлер тек шикізатты қазып сатуды емес, толық тізбек құруды ойлайды. Мысалы, мысты жай ғана шетелге сатып жібермей, оны Қазақстанның ішінде өңдеп, көлік жасайтын зауыттарға бермек. Бұл тағы да қосымша өндіріс ашуға мүмкіндік береді. Жаңа жұмыс орындары пайда болады, экономика ішінде ақша айналады, - дейді экономист.

Сондай-ақ, оның сөзінше, мұны экономистер «құндылық тізбегі» дейтінін айтады.

Қарапайым тілмен айтсақ, шикізатты дайын өнімге айналдырып, одан көбірек пайда табу, - дейді ол.

Шетелдік инвесторлар: қандай сабақ алдық?

Соңғы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, барлық шетелдік инвестор тиімді бола бермейді.

Көбіне олар ақшасын ештеңе жасамай тез шығарып алғысы келеді. Ал өзіміздің инвесторлар, керісінше бүгінгі пайдадан бұрын ертеңгі тұрақтылықты таңдайды. Оларға ұзақ уақыт жұмыс істеген маңызды, - дейді сарапшы.

Айбар Олжай мұндай тәжірибелер Қазақстан үшін маңызды қорытынды жасағанын айтады.

Бізге енді жай ғана ақша салатын инвестордың орнына елмен бірге жұмыс істейтін, өндірісті дамытатын, экологияны сақтайтын инвестор керек. Және ондай кәсіпкерлер бізде бар. Олар – өзіміздің қазақ инвесторлары, - деп қорытындылады сарапшы.