Қазақстанға өнеркәсіп банкі қажет пе? – сарапшы пікірі
Қазақстанда өндірістік жобаларды қаржыландыру тетіктерін қайта қарау қажет. Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, мәселе кәсіпорынға қаражат бөлумен шектелмейді. Зауыт құрылысы басталғаннан тұрақты табысқа шыққанға дейінгі кезеңді қамтитын қаржыландыру жүйесі керек. Осыған байланысты ол мамандандырылған өнеркәсіп банкін құру мәселесін қарастыруды ұсынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өндіріс ашуға берілген несие мен кәсіпорынның алғашқы табысы арасындағы уақыт алшақтығы бизнестің қаржылық жүктемесін арттыруы мүмкін. Құрылысқа кіріскен кәсіпкерге ғимарат салып, инженерлік желілер тартып, жабдық орнату қажет. Одан кейін шикізат сатып алу, мамандарды даярлау және өнім өткізу міндеті тұр. Осы кезеңдердің бәрінде қаражат керек, ал тұрақты түсім бірден қалыптаспайды.
Зауыт іске қосылғанша несие жүктемесі күтіп тұрмайды
Айбар Олжай пікірінше, негізгі мәселенің бірі – қаржыны қайтару шарттары мен өндірістің табысқа шығу мерзімін сәйкестендіру.
Банк үшін несие берген күннен бастап есеп жүреді. Ал зауыт үшін сол күні жұмыс енді басталады. Жерін дайындайды, электрін тартады, жабдығын әкеледі, мамандарын оқытады. Алғашқы өнімін шығарғанша уақыт керек. Оны сатып, тұрақты табысқа шығуы ұзақ мерзімге созылады. Өнеркәсіпті қаржыландырудағы негізгі мәселенің бірі осы. Ақшаның мерзімі өндірістің мерзімімен сәйкес келуге тиіс, - дейді Айбар Олжай.
Ол өндірістік жобаның әр кезеңі өзара байланысты екенін атап өтті. Мәселен, кәсіпкер жабдыққа алдын ала төлем жасайды. Жабдық жеткізілгенше оны орнататын ғимарат дайын болуы керек. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін шикізат пен күнделікті жұмысқа айналым қаражаты қажет болады. Ал тапсырыс беруші өнімді қабылдаған соң ғана есеп айырысуы мүмкін.
Осы аралықтың бірінде қаражат тапшылығы туындаса, ол бүкіл жобаның жұмысына әсер етеді. Сондықтан Олжай қаржыландыруды жекелеген шығындарға бөліп қарамай, өндірістің толық циклімен байланыстыру қажет деп есептейді.
Кепілден бөлек, өндірістің мүмкіндігін бағалау керек
Айбар Олжай ұсынған өнеркәсіп банкінің басты ерекшелігі оның мамандануында болуға тиіс. Мұндай институт кәсіпорынның кепілге қоятын мүлкімен қатар, жобаның технологиялық және экономикалық мүмкіндігін бағалауы қажет.
Оның басты ерекшелігі өндірістің экономикасын түсінетін командасы болуы керек. Несие маманымен бірге инженер, технолог, салалық сарапшы жұмыс істеуге тиіс. Олар кәсіпкердің кепілге қоятын мүлкін ғана емес, сатып алатын жабдығын, өнімінің өзіндік құнын, өткізу нарығын және болашақ түсімін бағалауы қажет, – дейді ол.
Бұл тәсілде кәсіпорынның қарызды қайтару мүмкіндігі өндірістік жоспарымен бірге қаралады. Жабдықтың қуаты, шикізатқа қолжетімділік, өнімге сұраныс және алғашқы түсімнің қашан қалыптасатыны қаржыландыру шарттарын айқындауда маңызды болмақ.
Жаңа банк қолданыстағы институттарды қайталамауы тиіс
Айбар Олжай Қазақстанның Даму банкі арқылы өндірістік жобаларға ұзақ мерзімді қаржы беріліп отырғанын да ескеру қажет дейді. Оның пайымынша, жаңа институт құру туралы ұсыныс қолданыстағы қолдау тетіктерін жоққа шығармайды.
Бұл жерде жаңа институт қолданыстағы құрылымның қызметін қайталау емес, қаржыландыруы жеткіліксіз өндірістік жобаларға жол ашуға көмектесе алар еді, – дейді Айбар Олжай.
Зейнетақы қаражатының жауапкершілігі бөлек
Өндірісті қаржыландыру көздері туралы сөз болғанда, БЖЗҚ активтерін пайдалану мәселесі де туындайды. Айбар Олжай зейнетақы жинақтарының міндеті мен ұзақ мерзімді өндірістік жобалардың тәуекелін қатар ескеру қажет деп санайды.
Оның пікірінше, зауыттың салынып, өнім шығарып, қарызын өтей бастауы ұзақ уақыт алуы мүмкін. Сондықтан өндірістің қаржыға сұранысын зейнетақы активтерінің сақталуы мен табыстылығына қойылатын талаптармен үйлестіру маңызды.
Олжайдың ұсынысы бойынша, мамандандырылған институт кәсіпорынға қаражат беріп қана қоймай, оның өндірістік кезеңдеріне сай жұмыс істеуі керек.
Қазақстанға өнеркәсіп банкі өндірістің ұзақ жолын қаржыландыру үшін қажет. Ақша жабдыққа, жабдық өнімге, өнім тұрақты табысқа айналғанға дейін кәсіпорынмен бірге жұмыс істейтін институт керек. Сонда ғана несие өсімі өнеркәсіп өсіміне ұласады, – деп түйіндеді Айбар Олжай.