Қазақстанға 20,5 млрд доллар құйылды: Шетелдік инвестиция көлемі күрт өсті
2025 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20,5 млрд долларды құрады.
Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14,4%-ға жоғары көрсеткіш. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, инвестиция көлемінің артуы халықаралық қаржы ұйымдары мен инвесторлардың Қазақстан экономикасына деген сенімінің сақталып отырғанын көрсетеді.
Арман Қасенов сондай-ақ халықаралық рейтингтік агенттіктер – Moody's, Standard & Poor's және Fitch Ratings Қазақстанның тәуелсіз рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде тұрақты түрде растап келетінін атап өтті.
Оның сөзінше, елге инвестиция тарту үшін инвесторларды сүйемелдеудің кешенді жүйесі құрылған. Бұл жүйеге шетелдегі өкілдіктер, орталық мемлекеттік органдар және өңірлік құрылымдар тартылған.
Әр өңірде инвестиция тартуды қажет ететін нақты жобалар қамтылған инвестициялық бағдарламалар әзірленген. Жобалар іріктелгеннен кейін Қазақстанның шетелдегі өкілдіктері арқылы инвесторларды іздеу бойынша мақсатты жұмыс жүргізіледі, – деді вице-министр.
Арман Қасенов қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін бизнесті қорғау тетіктері де енгізілгенін айтты.
Оның мәліметінше, бақылаушы органдардың негізсіз араласуын шектейтін прокурорлық сүзгі механизмі жұмыс істейді. Сонымен қатар басым жобалар үшін қажетті рұқсаттар мен мемлекеттік қолдау шараларын жедел алуға мүмкіндік беретін Fast Track жүйесі енгізілген.
Вице-министрдің айтуынша, инвесторлардың мәселелерін жедел шешу мақсатында еліміздің барлық өңірінде өңірлік инвестициялық штабтар жұмыс істейді.
Үкімет инвестициялық саясатты жетілдіру және жаңа жобаларды іске асыру арқылы шетелдік капитал ағынын одан әрі ұлғайтуды көздеп отыр.