Қазақстанға Чехиядан 9 бас Пржевальский жылқысы әкелінеді
Қазақстанға Чехиядан Пржевальский жылқысы әкелінбек. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спикердің айтуынша, былтыр 24 сәуірде өткен қазақ-чех бизнес форумының аясында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Прага зообағы арасында жабайы жылқыларды Қазақстан аумағына жерсіндіру бойынша меморандумға қол қойылған.
Қазақстанда тұяқты жануарларды жерсіндіру бойынша қалыптасқан тәжірибені, сондай-ақ халықаралық табиғатты қорғау одағының ұсыныстарын ескереді. Онымен қоса, мүдделі ғылыми ұйымдар мен мамандар кеңесінің нәтижесінде Пржевальский жылқысын реинтродукциялау үшін неғұрлым қолайлы жер ретінде Қостанай облысында орналасқан "Алтын дала" мемлекеттік табиғи резерваты аумағы айқындалды, - дейді Данияр Тұрғамбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Тұрғамбаев "Алтын дала" мемлекеттік табиғи резерваты үкімет қаулысымен 2017 жылы құрылғанын және резерваттың аумағы - 490 мың гектар екенін айтады.
Резерваттың материалдық және техникалық базасы күшейтілді және арнайы вольер орнатылды. Биыл маусым айында Пржевальскийдің алғашқы 8 басы Қостанай облысындағы "Алтын дала" резерватына көшіріледі, - дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары.