Қазақстанға ассамблея не үшін керек?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарады. Бұл туралы ҚХА-ның баспасөз қызметіндегілер хабарлады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының басты міндеті – мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру болып табылады. Қазақтың байтақ даласында бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. 2019 жылдың санағы бойынша Қазақстанда тұрып жатқан халық саны 18 395 567 адамды құрайды. Соның ішінде қазақтар – 12 505 251, орыстар – 3 553 232, өзбектер – 590 993, украиндар – 270 916, ұйғырлар – 270 096, татарлар – 201 492, немістер – 178 029, түріктер – 112 107, корейлер – 108 396, әзербайжандар – 110 341, дүнгендер – 72 361, белорусьтер – 54 690, тәжіктер – 48 749, күрдтер – 46 348, шешендер – 33 318, поляктар – 30 456, башқұрттар – 16 732 және басқа ұлттар – 192 060, - дейді баспасөз қызметіндегілер.
Ол 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылғанын атап өтті.
Бүгінде Ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізуде. Сонымен қатар, ҚХА мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді. Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз ете отырып, этномәдени орталықтардың, Қазақстандағы ұлттардың мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етеді, - деді ассамблея өкілі.
Республикада еліміздің барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалғандығын айтып кетті.
Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді. Ассамблея 394 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді, - делінген ҚХА ресми ақпарат көзінде.
Осы орайда ол 1 мамыр – халқымыздың бірлігі күні туралы айтып кетті.
Бұл күн Қазақстан халқы үшін ең ірі мерекелердің бірі. Еліміздің барлық өңірлерінде дерлік 1 мамыр тойланады. Мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттайды. Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өтеді, - деді ҚХА-ның баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар, ол осы мерекеге орай бірнеше қызықты іс-шара өтетінің айта кетті.
Бүгінде "Достық" атты бір шаңырақ астына шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтар мерекеде ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер көрсетеді. Халықтың көңіл-күйін көтеру үшін әртүрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады. 1 мамыр – Қазақстандағы 20 жылда құрған негізгі мереке. 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болып отыр, - дейді ҚХА өкілі.