Бүгiн 2026, 14:46 Фото: ҚР АШМ

Қазақстанға 200 тоннадан астам карантиндік астық кіргізілмеді

Ұсталған жүктің 128 тоннадан астам бөлігі экспорттаушы елге кері қайтарылды.

ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекцияларының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары фитосанитарлық бақылау барысында ел аумағына залалданған карантиндік өнімдердің ірі партияларын кіргізу әрекетінің жолын кесті.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында Ресей Федерациясынан жеткізілген 200 тоннадан астам азық-түлік астығы – бидай мен арпа ұсталды. Өнімдер өсімдіктер карантині және фитосанитарлық қауіпсіздік талаптарын бұза отырып әкелінген.

Импортталған өнімдерден қауіпті карантиндік нысандар, соның ішінде үш тілімді ойраншөп, жатаған кекіре және арамсояу анықталған.

Инспекторлар жедел шаралар қабылдап, ұсталған жүктің 128 тоннадан астам бөлігін экспорттаушы елге кері қайтарды.

Карантиндік өнім иелеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Іс материалдары қолданыстағы ҚР заңнамасына сәйкес кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін сот органдарына жолданды.