Қазақстандықтарға скрининг пен вакцинация туралы 1414 нөмірінен хабарлама келед
1414 нөмірінен келетін хабарламалар азаматтарға скринингтен өту керегін ескертіп, салынған екпелер туралы ақпарат береді.
Қазақстанда 1414 нөмірі арқылы SMS-хабарлама тарату жүйесі іске қосылады. Хабарламалардың бірінде азаматтарға скринингтен өту қажеттігі ескертілсе, екіншісінде медициналық жүйеге енгізілген екпелер туралы ақпарат беріледі.
Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, жүйе профилактикалық тексеруден өтуі қажет азаматтарды алты бағыт бойынша автоматты түрде анықтайды. Олардың қатарында жүрек-қан тамырлары аурулары мен онкологиялық дерттерді, қант диабетін, ми қан айналымының бұзылуын және вирустық гепатиттерді ерте анықтау бар. Хабарлама алған азамат өзі тіркелген емханаға жүгініп, тиісті тексеруден өте алады.
26 қазаннан бастап еліміздің барлық өңірінде жүргізілген екпелер туралы SMS-хабарламалар жіберу жоспарланып отыр. Вакцинация туралы мәлімет медициналық жүйеге енгізілгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне екпенің түрі мен салынған күні көрсетілген хабарлама келеді.
Егер хабарламадағы мәліметтер қате болса, оған жауап ретінде 1414 нөміріне SMS жолдап, бұл туралы хабарлауға болады. Ақпарат тексеру үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жіберіледі.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі пациенттерге көрсетілген медициналық қызметтерді растауға мүмкіндік беретін цифрлық сәйкестендіру жүйесін кеңейтіп жатыр.
Ведомствоның мәліметінше, 7 қазандағы жағдай бойынша тіркелген 135,9 миллион қабылдаудың 73 пайызы цифрлық сәйкестендіруден өткен. Қазір бұл тетік медициналық қызметтің 1 278 түрін қамтиды.
1 желтоқсаннан бастап тізімді консультациялар, диагностикалық зерттеулер мен медициналық рәсімдердің тағы 736 түрімен толықтыру жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі жаңа цифрлық қызметтер профилактикалық тексерулердің қолжетімділігін арттыруға, пациенттердің құқықтарын қорғауға, медициналық деректердің дұрыстығын жақсартуға және денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал ететінін атап өтті.