Қазақстандықтарға сайлау туралы push-хабарламалар жіберіледі
Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында қазақстандықтарға қосымша ақпарат цифрлық құралдар арқылы беріледі. Атап айтқанда, мобильді қосымшалар арқылы push-хабарламалар және байланыс операторларынан хабарламалар жіберу қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысынан кейін өткен брифингте ОСК мүшесі Шавхат Өтемісов мәлімдеді.
Оның айтуынша, сайлаушыларды цифрлық форматта ақпараттандыру бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Азаматтарға алдағы дауыс беру туралы мәліметтер қамтылған push-хабарламалар мобильді қосымшалар арқылы жіберіледі.
Сонымен қатар сайлаушыларды ақпараттандыру жұмысына байланыс операторлары да тартылады. Жарияланған кестеге сәйкес, тиісті хабарламаларды 14 және 21 тамызда жіберу жоспарланып отыр.
Келесі цифрлық әдіс қолданылады – азаматтарға мобильді қосымша арқылы push-хабарламалар жіберіледі. Сондай-ақ байланыс операторлары арқылы ақпараттандыру қарастырылған, – деді Шавхат Өтемісов.
Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызда өтеді.
Еске салайық, бұған дейін Құрылтай сайлауына әлемнің түкпір-түкпірінен 656 байқаушы аккредиттелгені хабарланды.