Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарына "Эйр Астана" акциялары сатып алынды
Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен "Эйр Астана" АҚ-ның жай акцияларын бастапқы орналастыруға (IPO) қатысқанын хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
IPO аясында 2024 жылғы 14 ақпанда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне 1 акция үшін 1 073,83 теңге бағамен 24,9 млрд теңгеге "Эйр Астана" АҚ-ның жай акциялары сатып алынды. "Эйр Астана" АҚ-ның сатып алынған жай акцияларының жалпы саны 23 168 975 дананы немесе шығарылған компания акцияларының жалпы санының 6,5%-ы болады.
Қазақстанның жоғары сапалы эмитенттерінің жай акцияларын сатып алу БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелін әртараптандыруға бағытталды және ұзақмерзімді перспективада оның кірісін арттыруға ықпал етеді.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін "Эйр Астана" АҚ-ның жай акцияларына инвестициялау туралы шешім тұрақты қаржылық көрсеткіштерге, сондай-ақ болашақта тұрақты дивидендтер төлеуге мүмкіндік беретін компания қызметінің жоғары рентабельділігіне негізделді. Осы инвестициялар іс жүзінде БЖЗҚ салымшыларына Орталық Азияның авиациялық нарығындағы көшбасшылардың біріне акционер болуға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Ұлттық Банк.
Зейнетақы активтерін басқару нәтижелері туралы мәліметтер ай сайын БЖЗҚ сайтында жарияланады.