Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын қайда салды
БЖЗҚ 2023 жылға арналған зейнетақы жинақтарын инвестициялау туралы есебін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі шамамен 17 832,9 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 17 806 млрд теңгеден асты. ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері - 26,9 млрд теңге.
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ҰБ зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттары келесідей: Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 46,6%, квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары - 9,1%, ҰБ депозиттері – 4,9%, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары мен депозиттері – 5,9%, ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозиттік қолхаттары – 2%, МҚҰ - 2%.
Зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдары номинацияланған валюталар бөлінісіндегі инвестициялық портфель 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мынадай: ұлттық валютадағы инвестициялар – 68,3%, АҚШ долларында – 31,7%, - делінген хабарламада.
Алынған кірістің құрылымын талдаудан бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі кірістер, оның ішінде орналастырылған салымдар мен "кері РЕПО" операциялары бойынша және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен кірістер 1 501,2 млрд теңге, сыртқы басқарудағы активтер бойынша – 138,2 млрд теңге, өзге кірістер – 5,4 млрд теңге болды. Шетел валютасын қайта бағалау теріс сипатта және 38,1 млрд теңге.
Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелін құралдар, салалар және валюталар бойынша әртараптандыру есебінен 2023 жылғы жалпы табыс оң болды, - деп атап өтті БЖЗҚ-да.
Инвестициялық қызмет нәтижесінде, сондай-ақ, шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан 2023 жыл бойына есептелген инвестициялық кіріс мөлшері - 1 606,8 млрд теңге.
2023 жылы салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция 9,8% болғанда 10,1% көрсетті.