27 Қараша 2026, 09:34 Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 28,85 трлн теңгеге жетті

Қазақстандықтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақ көлемі 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 28,85 трлн теңгеге жетті. Бір жылда зейнетақы активтері 3,01 трлн теңгеге немесе 11,7%-ға өскен. Бұл туралы БЖЗҚ мәліметтерінде айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қор дерегінше, зейнетақы жинақтарының басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан. Оның көлемі 26,59 трлн теңгені құрады. Соңғы 12 айда бұл көрсеткіш 2,13 трлн теңгеге немесе 8,7%-ға артқан.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебіндегі жинақ көлемі 739,98 млрд теңгеге жетті. Ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша қаражат 10,56 млрд теңгені құрап, бір жылда 10,5%-ға өскен.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен қалыптасқан жинақ та ұлғайып келеді. 2026 жылғы 1 қарашада оның көлемі 1,51 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,36 есе көп.

Зейнетақы шоттарына 3 трлн теңгеден астам қаражат түсті

2026 жылдың қаңтар-қазан айларында салымшылардың жеке және шартты зейнетақы шоттарына 3,05 трлн теңге түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,7%-ға немесе 414,89 млрд теңгеге артық.

Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары бойынша түсім 2,33 трлн теңгені, міндетті кәсіптік жарналар 126,21 млрд теңгені құрады. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша шоттарға 1,78 млрд теңге түскен. Ал жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының көлемі 594,61 млрд теңгеге жетті.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері салымшылардың шоттарына түскен таза инвестициялық табыс 1,28 трлн теңгені құрады.

Зейнетақы төлемдері 1,56 трлн теңгеден асты

2026 жылдың қаңтар-қазан айларында БЖЗҚ-дан жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдардың жалпы көлемі 1,57 трлн теңгеге жетті.

Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер 248,66 млрд теңгені құрады. Қордан кесте бойынша берілетін орташа айлық төлем көлемі – 39 040 теңге.

Сонымен қатар тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсатында 520,16 млрд теңге көлемінде біржолғы зейнетақы төлемдері жасалған. Мұрагерлік бойынша 83,97 млрд теңге, елден тыс жерге тұрақты тұруға кетуге байланысты 41,03 млрд теңге төленді. Мүгедектігі бар адамдарға 2,87 млрд теңге, жерлеуге 7,93 млрд теңге бағытталған. Сақтандыру ұйымдарына 662,12 млрд теңге аударылды.

БЖЗҚ-дағы шот саны 19,22 миллионға жетті

2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қордағы зейнетақы шоттарының жалпы саны 19,22 млн бірлікті құрады. Бір жылда 1,14 млн шотқа немесе 6,3%-ға артқан.

Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары бойынша 11,46 млн, міндетті кәсіптік жарналар бойынша 804,13 мың, ерікті жарналар бойынша 466,99 мың жеке зейнетақы шоты бар.

Ал жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есепке алынатын шартты зейнетақы шоттарының саны 6,29 млн бірлікке жетті.

Зейнетақы активтері мен жарналарға қатысты толық ақпарат БЖЗҚ-ның enpf.kz сайтындағы «Статистика және аналитика» бөлімінде жарияланған.