20 Қараша 2026, 14:44 Фото: ДСМ баспасөз қызметі

Қазақстандықтардың медициналық деректері бір базаға бірігеді: Жеке құпияны кім және қалай қорғайды

20 миллион азаматтың медициналық мәліметі бір жүйеге жинақталады.

Емханаға барған сайын тапсырған талдаулар, дәрігердің қорытындысы, бұрын қабылдаған ем туралы мәліметтер – мұның бәрі енді бір цифрлық кеңістікте жинақталмақ. Қазақстанда медициналық ақпараттық жүйелерді біріктіріп, азаматтардың денсаулығына қатысты деректерді ортақ қоймаға орналастыру жұмысы жүріп жатыр. Бұл дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, пациенттің медициналық тарихын толық көруге мүмкіндік береді. Алайда жеке диагноз бен емделу тарихы бөгде адамның қолына түссе не болады? Мұндай ақпаратты кімдер көре алады және азамат өз деректеріне кім кіргенін бақылай ала ма? BAQ.KZ тілшісі анықтап көрді.

Қазір 23 ақпараттық жүйені біріктіретін e-Densaulyq бірыңғай экожүйесін қалыптастыру жұмысы жүріп жатыр. Медициналық деректер қоймасы осы жүйенің негізгі бөліктерінің бірі саналады.

Ортақ база дәрігерге не береді?

Үкіметтің 2026 жылғы 10 қыркүйектегі мәліметіне сәйкес, бірыңғай медициналық деректер қоймасына 12 ақпараттық жүйе қосылған. Сонымен қатар 50-ден астам мемлекеттік органның жүйесімен байланыс орнатылған. Қоймада 2012 жылдан бері жиналған шамамен 1,5 петабайт ақпарат бар. Ал цифрлық ортада 20 миллион пациенттің бейіні қалыптасқан.

Мұның басты артықшылығы – дәрігер науқастың бұрынғы талдаулары мен тексеру нәтижелерін, қабылдаған емін бір жерден көре алады. Бұл қажетсіз қайталама зерттеулерді азайтып, медициналық шешім қабылдауды жеңілдетеді.

Цифрлық бақылау медициналық қызметтерге қатысты заң бұзушылықтарды анықтауға да көмектескен. Ресми мәлімет бойынша, ескірген 400 мың пациент картасы жүйеден шығарылып, 31 миллиард теңге көлеміндегі шығынның алдын алуға мүмкіндік туған. Медициналық қызметтерді негізсіз тұтыну 7,1 пайызға төмендеп, қателерді анықтау тиімділігі 3,5 есе артқан.

Дегенмен деректердің бір жерге шоғырлануы қауіпсіздік мәселесін де күшейтеді. Ортақ базаға рұқсатсыз қол жеткізілген жағдайда, миллиондаған азаматтың жеке ақпараты жария болып кетуі мүмкін.

Киберқауіпсіздік және цифрлық сауаттылық жөніндегі сарапшы Абылай Исиннің айтуынша, медициналық ақпараттың орталықтандырылуы жүйенің жұмысын жеңілдеткенімен, ықтимал шабуылдың ауқымын да үлкейтеді.

Бір базаға жиналған дерек – бір үлкен нысана. Егер кибершабуыл сәтті жүзеге асса, оның салдары бір ғана медициналық ұйыммен шектелмеуі мүмкін. Бір қоймадағы мәліметке қол жеткізген адам миллиондаған азаматтың жеке медициналық ақпаратына ие болуы ықтимал. Сондықтан деректерді біріктірумен қатар, оларды қорғау тетіктері де соған сай күшейтілуі керек, – дейді Абылай Исин.

Деректердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?

Жүйедегі мәліметтердің дұрыстығын бақылау үшін форматтық-логикалық тексерулер саны 80-нен 486-ға дейін арттырылған. Бұл қате енгізілген ақпаратты, қайталанатын жазбаларды және қайтыс болған адамдарға медициналық қызмет көрсетілгені туралы жалған мәліметтерді анықтауға бағытталған.

Сонымен бірге медициналық деректерді қорғауда сыртқы кибершабуыл ғана емес, ішкі қауіп те маңызды. Мысалы, қызметкердің аккаунты арқылы ақпаратты рұқсатсыз қарау немесе тарату қаупі бар.

Абылай Исиннің пікірінше, әр маманның қандай мәліметке қол жеткізе алатыны нақты шектеліп, жүйедегі әрекеттер тұрақты бақылануы керек.

Қауіп тек сырттан келетін хакерлерден емес. Ішкі қауіп те бар. Мысалы, медицина қызметкерінің аккаунтына бөтен адамның қолы жетуі немесе қызметкердің өзіне қажеті жоқ ақпаратты қарауы мүмкін. Сондықтан әр маманның қандай дерекке қол жеткізе алатыны нақты шектелуі керек. Қолжетімділік берілгеннен кейін оның қалай пайдаланылғаны да тұрақты бақылануға тиіс. Техникалық қорғаныс болғанымен, кадрлық бақылау әлсіз болса, жүйеде осал тұс қалады, – дейді сарапшы.

Медициналық деректер қоймасы мемлекеттік қорғалған контурға көшірілген. Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері міндетті киберқауіпсіздік аудитінен өтуі тиіс. Қорғаныс шараларына деректерді шифрлау, қолжетімділікті шектеу, жүйедегі әрекеттерді тіркеу, резервтік көшірме жасау және ақпаратты қалпына келтіру тетіктері кіреді.

Алайда бұрынғы оқиғалар қауіптің әлі де бар екенін көрсетеді. 2019 жылы DamuMed медициналық ақпараттық жүйесіне қатысты деректердің таралу жағдайы тіркелген. Сол кезде жүздеген мың пациенттің медициналық мәліметі ашық қолжетімді болып кеткені туралы ақпарат жарияланды.

Бұл жағдай медициналық ақпаратты қорғауда тек техникалық шешімдерге сүйену жеткіліксіз екенін көрсетті.

Бұрынғы жүйелерде болған деректердің таралу оқиғалары – ескеретін тәжірибе. Ақпараттық жүйені мемлекеттік қорғалған контурға көшіру маңызды, бірақ қауіпсіздік осы жұмыспен аяқталмайды. Шифрлау, қолжетімділікті бақылау, жүйедегі әр әрекетті тіркеу, резервтік көшірме жасау сияқты шаралар үздіксіз жұмыс істеуі керек. Оның үстіне қызметкерлердің аккаунттарын қорғау, кімнің қандай ақпаратты қарай алатынын шектеу және күмәнді әрекеттерді дер кезінде анықтау қажет, – дейді Абылай Исин.

Пациент өз деректерін бақылай ала ма?

Медициналық ақпаратқа қол жеткізу тәртібі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 61-бабымен реттеледі. Заң бойынша медициналық ұйымдар мен заңда көрсетілген міндеттерді орындайтын мемлекеттік органдар пациенттің деректерін белгіленген мақсаттарда пайдалана алады. Негізгі талап – пациенттің келісімі. Заңда көзделген ерекше жағдайларда ғана келісімсіз қол жеткізуге рұқсат етіледі.

Азамат өзінің медициналық мәліметтерін электрондық денсаулық паспорты арқылы көре алады. Сонымен қатар деректеріне кімнің кіргенін көрсететін қолжетімділік журналын тексеруге құқылы.

2026 жылы жаңартылған қағидаларға сәйкес, пациент немесе оның заңды өкілі өтініш берген жағдайда медициналық ұйым үш жұмыс күні ішінде деректердің бар-жоғы, оларды жинау мен өңдеу мақсаты, мәліметтердің тізбесі және сақтау мерзімі туралы ақпарат беруге тиіс. Ақпарат беруден бас тартылған жағдайда да осы мерзімде дәлелді жауап ұсынылуы керек.

Азаматтар медициналық мәліметтерін eGov, eGov Mobile және DamuMed сияқты сервистер арқылы көре алады. Дегенмен қолжетімділік журналын тексеру мүмкіндігі барлық жағдайда бірдей ыңғайлы бола бермейді. Сондықтан пациенттерге өз деректерін мезгіл-мезгіл қарап, қате ақпарат байқаса, медициналық ұйымға жүгінген жөн.

Абылай Исин азаматтардың цифрлық сауаттылығы да медициналық деректердің қауіпсіздігіне әсер ететінін айтады.

Адам өзінің медициналық деректерін тек дәрігерге көрінген кезде ғана еске алмауы керек. Электрондық денсаулық паспортындағы ақпаратты қарап, өзіне тиесілі емес немесе қате мәлімет байқаса, оны түзету туралы өтініш бере алады. Сондай-ақ жеке аккаунттың құпиясөзін бөгде адамға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, электрондық үкімет пен медициналық сервистерге кіргенде жеке деректерін қорғау маңызды. Қауіпсіздікке мемлекет пен медициналық ұйым ғана емес, азаматтың өзі де жауапкершілікпен қарауы қажет, – дейді сарапшы.

Жүйе толық қауіпсіз бе?

Қазақстанда 23 ақпараттық жүйені жеті цифрлық экожүйеге біріктіру жұмысы жалғасып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оның бесеуі іске қосылған. Бірыңғай медициналық деректер қоймасында 20 миллион пациенттің цифрлық бейіні бар, ал жинақталған ақпарат көлемі 1,5 петабайтқа жуықтайды.

Бұл медициналық деректер инфрақұрылымының ауқымды екенін көрсеткенімен, жүйелерді біріктіру қауіпсіздікке толық кепілдік бермейді. Қызметкерлердің аккаунттары арқылы рұқсатсыз кіру, техникалық осалдықтар және қолжетімділікті бақылаудағы кемшіліктер әлі де ескерілуі керек.

Абылай Исиннің бағалауынша, Қазақстанда медициналық деректерді біріктіруге қажетті инфрақұрылым қалыптасып келеді. Дегенмен бұрынғы ақпарат таралу оқиғалары мен ішкі қауіптерді ескерсек, жүйені толық қауіпсіз деп бағалауға әлі ерте.

Инфрақұрылым дамып жатыр, заңнама да жаңарды. Бірақ қауіпсіздік – бір рет орнатып қоятын жүйе емес, үнемі жетілдіріп отыруды қажет ететін процесс. Толық интеграцияның аяқталуы, барлық медициналық ұйымдарда қауіпсіздік талаптарының бірдей орындалуы, қызметкерлердің жауапкершілігі және халықтың цифрлық сауаттылығы қатар жүруі керек. Тек сонда ғана азаматтардың медициналық деректерін қорғау деңгейін шын мәнінде күшейте аламыз, – дейді сарапшы.

Медициналық деректерді бір базаға біріктіру дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, пациенттерге қолайлы жағдай жасай алады. Бірақ бастаманың нәтижесі жиналған ақпарат көлемімен ғана өлшенбейді. Ең маңыздысы – азаматтардың жеке мәліметтеріне кімнің қол жеткізетіні, әр әрекеттің қалай бақыланатыны және қауіп туындаған жағдайда оның салдары қаншалықты жылдам жойылатыны. Қоғамның цифрлық жүйеге деген сенімі де осы талаптардың іс жүзінде орындалуына байланысты.