Қазақстандықтардың банктерге берешегі 26,1 трлн теңгеден асты
Ұлттық банк экономикаға берілген несиелерге қатысты мәліметті жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Реттеушінің дерегіне сүйенсек, кеңейтілген түсініктегі экономикаға бағытталған кредиттер көлемі бір жыл ішінде 23,4%-ға өсіп, 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 49,1 трлн теңгеге жеткен. Кредиттердің құрылымында айтарлықтай үлес бизнес секторына тиесілі: заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің өндірістік және іскерлік мақсаттарға алған қарыздары 23,0 трлн теңгені құрап, жалпы көлемнің 46,8%-ын алып отыр. Ал халыққа берілген кредиттер 26,1 трлн теңгеге жетіп, 53,2%-ды құраған.
Ұлттық банктің мәліметінше, осы жылдың қаңтар айында ғана азаматтарға берілген қарыз көлемі 22,4 трлн теңге болған.
Сондай-ақ кредиттердің басым бөлігі ұлттық валютада рәсімделгені атап өтілді. Атап айтқанда, теңгемен берілген қарыздар 43,7 трлн теңге немесе жалпы көлемнің 89,1%-ын құрайды. Ал шетел валютасындағы кредиттер 5,4 трлн теңге болып, 10,9% деңгейінде қалған. Ұлттық банктің хабарлауынша, қарыздың жалпы көлемінің 85,5%-ы банк секторының кредиттеріне тиесілі.