Қазақстандықтардың әлеуметтік көңіл күйі: Бүгінгіге – шүкір, ертеңге – сенім
8 мың адамның қатысуымен өткен зерттеуде оң бағалар басым болған.
DATAmetrics компаниясы халықтың әлеуметтік көңіл күйін сипаттайтын социологиялық зерттеу нәтижелерін жариялады. Онда азаматтардың өз өміріне берген бағасы, отбасының материалдық жағдайындағы өзгерістер және болашаққа қатысты күтулері қамтылған.
Зерттеу Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізілді.
Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 000 тұрғын қатысты. Зерттеу «face-to-face» форматындағы жеке сұхбат әдісімен өткізілді.
Халықтың әлеуметтік көңіл күйі адамдардың өз өміріне, материалдық жағдайына және болашаққа қатысты бағалауынан қалыптасады. Зерттеу нәтижесі осы көрсеткіштердің барлығы бойынша оң пікірлердің басым екенін көрсетті.
Ең жоғары көрсеткіш өмірге қанағаттану деңгейінде тіркелген. Сауалнамаға қатысқандардың 63,3%-ы өз өміріне толық қанағаттанатынын айтса, тағы 31,9%-ы көбіне қанағаттанатынын жеткізген. Осылайша респонденттердің 95,2%-ы өз өміріне оң баға берген.
Ал 3,4%-ы өз өміріне көбіне қанағаттанбайтынын, 1,1%-ы мүлде қанағаттанбайтынын айтқан.
Өз өміріне оң баға бергендердің бұл көзқарасы отбасының материалдық жағдайына қатысты пікірлерінен де көрінеді. Зерттеуге қатысқандардың үштен екісінен астамы – 67,6%-ы соңғы бір жылда отбасының материалдық жағдайы жақсарғанын мәлімдеген. Оның ішінде 29,8%-ы жағдайы айтарлықтай жақсарғанын айтса, 37,8%-ы оң өзгерістер болғанын көрсеткен.
Респонденттердің 25,5%-ы отбасының материалдық жағдайы өзгермегенін айтқан. Ал 6,6%-ы жағдайының нашарлағанын мәлімдеген.
Қазіргі ахуалға берілген баға адамдардың болашаққа деген көзқарасына да әсер етеді. Зерттеу нәтижесі бойынша қатысушылардың басым бөлігі алдағы уақытқа сеніммен қарайды.
Сауалнамаға қатысқандардың 78,6%-ы бір жылдан кейін бүгінгіден жақсы өмір сүретіндеріне сенімді. Оның ішінде 45%-ы жағдайының едәуір жақсаратынын күтсе, 33,6%-ы белгілі бір деңгейде оң өзгерістер болады деп есептейді.
Тағы 15,9%-ы отбасының тұрмыс деңгейі өзгеріссіз қалады деп санайды. Ал 3,4%-ы жағдайының нашарлауын күтетінін айтқан.
Жалпы алғанда, зерттеу қорытындысы халықтың әлеуметтік көңіл күйін сипаттайтын негізгі көрсеткіштер бойынша оң бағалардың басым екенін көрсетті. Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі өз өміріне қанағаттанады, отбасының материалдық жағдайындағы өзгерістерді оң бағалайды және алдағы бір жылда жағдайының жақсаратынына сенеді.
Зерттеу іріктемесі Қазақстан халқының негізгі әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктеріне сай жасалған. Атап айтқанда, қала және ауыл тұрғындарының үлесі, жынысы мен жас ерекшелігі ескерілген.
95 пайыздық сенімділік деңгейінде статистикалық қателік ±1,1%-дан аспайды.
DATAmetrics компаниясы бұл деректерді Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі №ОСК-11-07/ЗТ-К-29 жазбаша хабарламасы негізінде жариялап отыр.