Қазақстандықтардың 82%-ы тұрғылықты жеріндегі өмірге риза – экономист
Қазақстандықтардың басым бөлігі өз қаласы мен ауылындағы оң өзгерістерді байқап отыр. Экономист Айбар Олжай Ұлттық аналитикалық орталық жүргізген жаңа сауалнама нәтижелеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сауалнама деректеріне сәйкес, респонденттердің 68% соңғы үш жылда өзі тұратын қала немесе ауылдағы жағдайдың жақсарғанын айтқан. Қалалықтар арасында бұл көрсеткіш –71%, ал ауыл тұрғындары арасында 62% болған. Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандардың 82%-ы өзі тұратын елді мекендегі өмір сапасына риза екенін білдірген.
Айбар Олжайдың пікірінше, бұл көрсеткіштер соңғы жылдары елді мекендердегі өзгерістердің халыққа сезіле бастағанын аңғартады.
Біз өзгерістерді сезе бастадық. Енді тоқтамау керек. Сұралған халықтың 68% өзгерісті көріп отыр. 82%-ы өз қаласы мен ауылындағы өмірге риза. Бұл аз көрсеткіш емес. Ұлттық аналитикалық орталықтың жаңа сауалнамасы жақсы тенденциядан хабар берді, – деді ол.
Сауалнама нәтижесінде жастардың өзгерістерге барынша оң баға беретіні де байқалған. 18-35 жас аралығындағы респонденттердің 78%-ы соңғы жылдардағы оң өзгерістерді көргенін айтса, 76%-ы алдағы үш жылда жағдай одан әрі жақсарады деп күтеді.
Экономистің айтуынша, тұрғындар ең алдымен жол сапасының жақсарғанын, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстарды байқаған.
Сонымен бірге сауалнама халықтың әлі де шешімін күтіп отырған мәселелерін көрсеткен. Азаматтар оң өзгерістер байқалған салалардағы жұмысты жалғастырумен қатар, ауруханалардың қолжетімділігі, интернет сапасы, мектептер мен балабақшалар мәселесіне көбірек көңіл бөлуді сұраған.
Демек, мемлекет үшін жүретін бағыт белгілі болды. Және бұл азаматтық бюджетті енгізген шешіміміздің дұрыстығын дәлелдейді, – деп жазды Айбар Олжай.