7 Қазан 2026, 23:39 Фото: depositphotos.com

Қазақстандықтардың 71 пайызы ауырғанда бірінші ЖИ-ден кеңес сұрайды

Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан көптеген Еуропа елдерінен жоғары тұр.

Қазақстандықтардың 94 пайызы ауырған кезде алдымен өз бетінше емделуге әрекет етіп көреді. Ел азаматтарының 71 пайызы бірінші кезекте кеңесті жасанды интеллектіден сұрайды. Мұндай мәліметтер STADA Health Report 2026 халықаралық зерттеуінің нәтижесінен белгілі болды. Зерттеуге 20 ел қатысса, жасанды интеллектінің көмегімен емделуді қалайтындардың үлесі жөнінен Қазақстан бірінші орынға шыққан. 

Дегенмен, зерттеуші мамандар ем іздегенде жоғары технологияның көмегіне деген қызығушылық қазақстандықтардың дәрігерге қаралудан бас тартатынын білдірмейтінін айтады. Керісінше, қазақстандықтардың басым бөлігі жасанды интеллектіні медицина маманын алмастыратын құралдан гөрі, оған көмекші ретінде қарастырады.

Денсаулық мәселесіне келгенде жасанды интеллектінің көмегіне сүйенетіндердің басым үлесі – 35 жасқа дейінгілер. Олардың арасында көрсеткіш 79 пайыз болса, 35-54 жастағы адамдардың 71 пайызы жасанды интеллектіге жүгінгенді жөн санайды. 

Зерттеу қазақстандықтарды жасанды интеллектіні қандай мақсатта пайдаланатыны жөнінде де толығырақ ақпарат берді. Мәселен, ел азаматтарының 32 пайызы дәрігер қойған диагнозды жақсырақ түсіну үшін, 31 пайызы профилактика, өмір салты, тамақтану және белсенді қозғалыс бойынша кеңес алу үшін, 24 пайызы дәрігерге барғаннан кейін қосымша ақпарат алу үшін ЖИ-ге жүгінеді. 

Мамандар денсаулық мәселесіне қатысты дербес шешім қабылдау жаңа технологияны пайдаланудан ғана көрінбейтінін айтады. Қазақстан тұрғындарының 94 пайызы белгілі бір жағдайларда өз бетінше емделуді құптайды. Көбінесе суық тию мен тұмау белгілерін (78%), аздап ауырсынуды (67%), асқазан-ішек жолының жеңіл ауруларын (48%) адамдар өз бетінше емдейді. Негізгі себеп – бұрынғы тәжірибенің бар болуы: респонденттердің 54 пайызы жеңіл сырқаттанған кезде өзіне қандай дәрі-дәрмек немесе тәсіл көмектесетінін бұрыннан білетінін айтады. Сонымен қатар ел азаматтарының 41 пайызы дәрігер қабылдауын ұзақ күтпеу үшін, ал 28 пайызы дәрігерге тұрақты түрде баруға қаржылық мүмкіндігі болмағандықтан өзін-өзі емдеуге жүгінеді. 

Өкініштісі, қазақстандықтардың 15 пайызы өз бетінше емделудің жағымсыз салдарына тап болған.