Қазақстандықтар жылжымайтын мүлікті сақтандыруға міндеттелуі мүмкін
Сенатор Бибігүл Жексенбай төтенше жағдайдың залалын өтеудің жаңа тәсілдерін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биыл тасқын судан 13 мыңға жуық жеке тұрғын үй зардап шекті. Сенатор Бибигүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында төтенше жағдайлар кезіндегі шығындарды өтеудің жаңа жолдарын ұсынды.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан аумағының 75%-ы табиғи апат қаупі жоғары аймақтарға жатады. Бұл табиғи апаттан сақтандыру мәселесіне ерекше назар аударуды талап етеді. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, табиғи және техногендік апат аймағы бар елдерде ықтимал ауқымды шығындарға байланысты мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы арнайы сақтандыру қорлары мен міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Шығындарды жабу үшін мемлекеттік қорлар құрылады, жетекші халықаралық қайта сақтандырушылардың міндетті қайта сақтандыру есебінен қаржының жинақталуы сақталып тұрады.
Ешбір ел өз аумағында болған апат тәуекелінен залалды дербес өтей алмайды. Табиғи апаттардан төтенше жағдайлар кезінде келтірілген залал отандық сақтандыру жүйесінің дамымағандығынан өте сирек өтеледі. Мұндай жағдайда зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және олардың қаржылық мәселелерін шешу ауыртпалығын түгел дерлік жергілікті атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасының Үкіметі көтереді. Елімізде халықты жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыруды енгізу мүмкіндігі соңғы жиырма жылда кезең-кезеңімен талқыланып келеді. Алайда, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі, мақсаттағы жүргізілмегендіктен, елімізде сақтандыру компанияларына сенім төмен, сақтандыру мәдениеті қалыптаспаған, - деді Бибігүл Жексенбай.
Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысына тұрғын үйді міндетті сақтандыруды талқылау үшін мекемеаралық комиссия құруды ұсынды. Төтенше шығындарды өтеу тұрғысынан отандық сақтандыру компанияларының мүмкіндіктеріне талдау жасау керек. Төтенше жағдай қаупі туралы алдын алу шараларын қабылдау барысында халыққа ескерту үшін барлық жағдайды қарастыру керек. Одан басқа, халықты табиғи апаттан қорғауға бағытталған тиісті заң жобасы әзірленуі тиіс және онда қалпына келтірілген тұрғын үйді азаматтардың меншігіне берудің нақты тәртібін реттеу мен сақтандыру ұсынылды.
Елімізде су тасқынынан кейінгі зардаптарды уақтылы жою мақсатында Министрлік жанынан Жедел штаб құрылды. Бүгінгі таңда 21 785 тұрғын үй су тасқынынан зардап шекті, оның ішінде 9 843 саяжай жалғыз тұрғын үй деп танылды. Елімізде су тасқынынан зардан шеккен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, өңірлерде тұрғын үйлерді салуды, жөндеу жұмыстарын және сатып алуды аяқтау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
Бүгінгі күнге дейін жергілікті әкімдіктер жүргізіп үлгерген техникалық қадағалау нәтижесінде келтірілген залалды өтеу мақсатында комиссия 1 898 тұрғын үй объектісін салу, жылжымайтын мүлік нарығында 4 059 тұрғын үй объектісін сатып алу, 8 415 нысанды жөндеу туралы шешім қабылдады.
Тұрғын үй мәселесі:
Атырау облысы – құрылыс, жөндеу жұмыстарын аяқтау және тұрғын үйлерді сатып алу мерзімі – 2024 жылғы қыркүйек.
Ақмола облысы – құрылыс, жөндеу жұмыстарының аяқталу және тұрғын үйлерді сатып алу мерзімі – 2024 жылғы қазан.
БҚО – құрылыс және жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі - 31 шілде, тұрғын үйлерді сатып алудың аяқталу мерзімі – 2024 жылғы 15 тамыз.
Министрлік жедел шешуді талап ететін мәселелерде әдістемелік көмек көрсету проблемаларын талқылау бойынша өңірлермен тұрақты негізде кеңестер өткізуде.
Әкімдіктердің ұсыныстарының қорытындысы бойынша Үкіметтің кейбір шешімдеріне түзетулер жасалды.
Құрылыс-жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау үшін әрбір объектіде құрылыс жұмыстарының басталуын қамтамасыз ету үшін еңбек және материалдық (жабдық) ресурстарын жұмылдыруды және бригадаға 3 объектіден аспайтын мөлшерде жөндеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету қажет. Еңбек ресурстарының бар-жоғын егжей-тегжейлі мониторингті Битрикс жүйесі арқылы да қадағалау жоспарлануда.
Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев ел өңірлеріндегі су тасқынынан кейін тұрғындарға жан-жақты көмек, табиғи апаттарға тосқауыл қою жөнінде айтқан болатын
Бұл алапат тасқынның зардабын жою мәселесі Президенттің жеке бақылауында. Мемлекет басшысы бүгінге дейін арнайы Штабтың 4 жиналысын өткізді, апат болған аймақтарға өзі барды, жергілікті халықтың нақты көмек алуын қадағалап отыр. Арнайы құрылған өңірлік комиссияларға зардап шеккен аймақтар тұрғындарынан 24 835 өтініш түскен. Бүгінге дейін 18 642 отбасы 7 млрд теңгеден астам сомаға біржолғы төлем алды. Мал басының шығыны үшін берілетін төлем көлемі 919 млн теңгеден асты. Су астында қалған 9403 тұрғын үй тексеріліп, 6828 нысанды бағалау жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге және тұрғын үйді қалпына келтіруге 710 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Аталған көмек 568 отбасын қамтыды. Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарында тағы 95 отбасыға қираған баспаналарының орнына үйлер мен пәтерлер берілді. Залалды өтеу жұмыстары жалғасуда және Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің қатаң бақылауына алынған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіліп жатыр. Жалпы алғанда, осы тасқын салдарымен күрес аясында Президентіміз қазірге дейін Үкімет пен әкімдіктерге 74 нақты тапсырма берді, оның әрбірінің сапалы орындалуын қадағалау — біздің міндетіміз, - деген еді Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев.