Қазақстандықтар "жеңіл табыс" схемасына қалай алданады – Ұлттық банк ескерту жасады

"Жай ғана картаңды бер" – осындай сөзден кейін алаяқтықтың шырмауына түсіп қалуыңыз мүмкін. Қазақстан Ұлттық банкі азаматтардың "дропперлік" деп аталатын алаяқтық схемаларға тартылу жағдайларының көбейіп кеткенін хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алаяқтар әсіресе жасөспірімдер мен зейнеткерлерді оңай пайдаланып жүр. Олар бұл адамдардың атына ашылған карталар арқылы ұрланған ақшаны шығарып, қолма-қол ақшаға айналдырады.

Көбіне бұл алаяқтық әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарияланатын "жеңіл табыс" туралы хабарландырулардан басталады. Жәбірленушіден жаңадан банк картасын ашуды немесе қолындағы картаның деректерін (нөмірі, жарамдылық мерзімі, CVV-коды, мобильді банкингке кіру мүмкіндігі) беруді сұрайды. Мұның орнына олар "тәуекелсіз жұмыс" немесе ақша уәде етеді.

Алаяқтар карта деректерін алған соң оны заңсыз операцияларда қолданады. Яғни, карта арқылы ұрланған қаражат өтеді де, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылады. Осылайша карта иесі "дропперге" – қылмыстық схеманың қатысушысына айналады. Көп жағдайда адамдар бұл әрекеттерінің заң алдында жауапкершілікке алып келетінін түсінбей қалады.

Ұлттық банк мұндай әрекеттердің қылмыс екенін және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша жаза қарастырылғанын ескертеді.

Азаматтарға банк картасы мен жеке аккаунт деректерін ешкімге бермеу ұсынылады. Күмәнді ұсыныстар түссе, дереу банк қызметкерлерінен кеңес алып, "картаны жалға беру" немесе "аударымдармен жұмыс" сияқты ұсыныстар болса, құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.

Кез келген сұрақтар бойынша Ұлттық банктің қысқа нөмірі – 1477 арқылы байланысуға болады.

Еске салсақ, бұған дейін банк картасын басқаға беру – енді тек қауіп емес, қылмыс екені туралы жаздық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы