Қазақстандықтар жаңа жылды жаппай жүгірумен қарсы алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ЖҮГІРУ – 2022». Дәл осындай атаумен еліміздің түкпір-түкпірінде бұқаралық жүгіру акциясы өтуде. Бұл туралы ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті хабарлады.
Аталмыш акцияны алғашқылардың бірі болып елордалық спорт әуесқойлары бастады. Жаңа жыл түнінде пандемияға қарсы жаппай жүгіру жарысы шаһардың сол жақ жағалауындағы "Қазақ елі" монументі алаңында өтті.
Екі жүзге жуық салауатты өмір салтын қолдаушылар қатысқан «Жаңа жылдық» жүгіру жарысының негізгі қашықтығы 2022 метрді құрады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылған іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тоғжанов Ералы Лұқпанұлы, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев және Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов қатысып, 2022 метрді жарыс қатысушыларымен бірге бағындырды.
Ералы Лұқпанұлы барша жиналған қала тұрғындары мен қонақтарын жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Аталған шара бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтіп, жарысты өзі бастап берді.
Бүгін бұқаралық іс-шара еліміздің бірқатар өңірінде жалғасын тапты. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарында ұйымдастырылған жүгіру жарыстарына бес мыңға жуық адам қатысты.
Спорттық жарыс тамаша өтті. Жаңа жылды дәл осылай қарсы алғаныма қуаныштымын. Мен жүгірумен және скандинавиялық жүріспен айналысамын. Спорт-денсаулық кепілі. Баршаңызды салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға шақырамын - деді елорда тұрғыны Гульзифа Абильева.
Бұқаралық іс-шараны ұйымдастырған ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінде осы сынды жарыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.