Қазақстандықтар үшін Еуропалық Одақтың визалық режимін жеңілдету қарастырылды
Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мальта Республикасының Сыртқы, еуропалық істер және сауда министрімен келіссөздерден кейін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мальта сыртқы саяси ведомствосы басшысы Иэн Борч Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келді. Сапар аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен келіссөздер өтті.
Қазақстан азаматтары үшін Еуропалық Одақтың визалық режимін жеңілдету мәселесіне бөлек тоқталдық. Біздің ойымызша, оның оң шешілуі сан қырлы байланыстардың белсенді дамуына зор септігін тигізер еді, – деді Мұрат Нұртілеу БАҚ өкілдеріне мәлімдемесінде.
Ол өткен жылдары Қазақстан–Мальта тауар айналымы 250 млн долларды құрағанын айтты.
Тұғыры бекем, экономикасы қуатты, халықаралық сахнадағы беделі кеңінен мойындалған Мальта – Еуропалық Одақтағы Қазақстанның маңызды әрі сенімді серіктесі. Осыдан 31 жыл бұрын елдеріміз арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды. Соңғы кезде Астана мен Валлеттаның саяси диалогы екпінді түрде дамуда, – деді министр.
Сауда-экономикалық әлеуетімізді толық пайдалану мақсатында Мұрат Нұртілеу Борчпен туризм, өңдеу, жер қойнауын барлау, теңіз логистикасы сияқты перспективалы секторлар бойынша жұмысты жандандыруды уағдаласқанын мәлімдеді.