Қазақстандықтар темекіні аз шегіп, денсаулықтарын күтуге кірісті – ДСМ

Қазақстанда темекі шегудің таралуы тұрақты түрде төмендеп жатыр: 2020 жылғы 21,9%-дан 2025 жылы 17,5%-ға дейін азайған. Бұл — өңір бойынша ең жақсы нәтижелердің бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мұндай ілгерілеуге жүйелі мемлекеттік саясат пен қоғамның белсенді қолдауы ықпал еткенін Денсаулық сақтау министрлігі атап өтті.

Еліміз жылдар бойы азаматтардың денсаулығын темекі зиянынан қорғауға бағытталған кешенді шараларды енгізіп келеді және 2006 жылдан бері Қазақстан қатысушы болып табылатын ДДҰ-ның Темекіге қарсы күрес жөніндегі Негіздемелік конвенциясының талаптарын толық орындайды. Негізгі қадамдар мыналар:

  • 2009 жыл – қоғамдық орындарда темекі шегуге кезең-кезеңімен тыйым салу және темекі түтінінен азат аймақтарды кеңейту.
  • 2011 жыл – темекі жарнамасына толық тыйым салу және қораптарға графикалық ескертулер енгізу.
  • 2014 жыл – темекі өнімдеріне акциздерді едәуір арттыру, бұл темекінің қолжетімділігін төмендетіп, бюджет түсімдерін көбейтті.
  • 2020 жыл – реттеудің күшеюі: темекіні ашық қоюға тыйым салу, сату жасын 21 жасқа дейін көтеру, насыбай мен снюстерге тыйым салу.
  • 2023–2026 жылдары – темекі өнімдеріне акциздерді тағы да арттыру.
  • 2024 жыл – электронды сигареталар мен вейптердің айналымына толық тыйым салу.

Темекі шегудің азаюы созылмалы аурулар қаупін төмендетіп, халық денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау министрлігі бұл бағытта қоғамдық ұйымдармен, медицина саласының өкілдерімен, БАҚ-пен және темекіге тәуелділікті азайту саясатын қолдайтын азаматтармен ынтымақтастықтың маңызды екенін атап өтті.

17–22 қараша аралығында Женевада (Швейцария) ДДҰ-ның Темекіге қарсы күрес жөніндегі Негіздемелік конвенциясының отырысы өтіп жатыр. Қазақстан оның жұмысына қатысып, халықаралық міндеттемелерге және темекі тұтынуды азайту жөніндегі жаһандық күш-жігерге берік ұстанатынын тағы да растады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: pixabay.com
Өзгелердің жаңалығы