Қазақстанда табыстың көп бөлігі азық-түлікке жұмсалады
Қазақстанда ақылы қызметтер құрылымында коммуналдық төлемдер мен тұрғын үйді күтіп-ұстау шығындары көш бастап тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың төртінші тоқсаны бойынша үй шаруашылықтарына жүргізілген сауалнама нәтижесін жариялады. Зерттеуге елдің барлық өңірінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 11 712 үй шаруашылығы қатысқан. BAQ.KZ қазақстандықтардың табысы мен шығынына шолу жасап, қаражаттың қайда көбірек жұмсалатынын анықтады.
Орташа табыс пен шығын
Есепке сәйкес, бір үй шаруашылығының тоқсандық орташа табысы 1 224 103 теңге болған. Ал шығыны – 1 106 871 теңге. Яғни шығындардың табысқа шаққандағы үлесі 90,4% болған.
Шығын құрылымы
Тұтыну шығындарының ең көп бөлігі азық-түлікке тиесілі. Яғни адамдар оған 579 685 теңгесін немесе жалпы көлемнің 57%-ын жұмсайды.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 23% (235 638 теңге), ақылы қызметтер – 20% (202 075 теңге).
Азық-түлік ішінде ең көп қаржы ет пен ет өнімдеріне жұмсалған – 192 561 теңге. Нан және жарма өнімдеріне 77 338 теңге, сүт өнімдеріне 55 581 теңге кеткен.
Ақылы қызметтер ішінде:
- коммуналдық төлемдер мен тұрғын үйді күтіп-ұстау – 64 080 теңге.
- байланыс және интернет – 36 469 теңге.
- көлік қызметі – 24 036 теңге.
Осы тұста несие өтеуге тоқсанына орта есеппен 67 556 теңге жұмсалғанын (табыстың 5,5%-ы) айта кетейік.
Табыс көздері
Негізгі табыс көзі – еңбек қызметі. Ол – 916 315 теңге (жалпы табыстың 75%-ы). Соның ішінде жалдамалы жұмыс 815 671 теңге болса, өзін-өзі жұмыспен қамтудан 100 644 теңге табыс түскен.
Әлеуметтік төлемдер (зейнетақы мен жәрдемақылар) – 259 910 теңге немесе 21%.
Өңірлер бойынша
Ең жоғары табыс көрсеткіштері:
- Ұлытау облысы – 1 688 970 теңге.
- Астана – 1 544 243 теңге.
- Маңғыстау облысы – 1 420 027 теңге.
Ең төмен көрсеткіштер:
- Жамбыл облысы – 997 448 теңге.
- Жетісу облысы – 992 830 теңге.
- Шымкент – 936 816 теңге.
Осылайша айырмашылық шамамен 1,8 есе.
Қала мен ауыл
Қалалық үй шаруашылықтарының табысы – 1 242 736 теңге, ауылда – 1 181 385 теңге (айырмашылық 5,2%).
Шығындар қалада 1 124 702 теңге болса, ауылда – 1 065 994 теңге болған.
Денсаулық сақтау және білім
Денсаулық сақтауға тоқсанына орта есеппен 28 843 теңге жұмсалады. Бұл:
- дәрі-дәрмекке – 14 589 теңге.
- стоматологияға – 6 563 теңге.
- медицина қызметіне – 1 780 теңге.
Білімге жұмсалатын шығын – 22 987 теңге:
- қалада – 25 604 теңге.
- ауылда – 16 989 теңге.
Мектепке дейінгі білім:
- қалада – 8 317 теңге.
- ауылда – 3 669 теңге.
Жалпы алғанда деректер қазақстандықтардың негізгі шығындары азық-түлік пен коммуналдық қызметке кететінін көрсетеді.