Қазақстандықтар салықты қайтарып ала алады: Қалай және кімдерге беріледі?
Қазақстандықтар салықтан босатылып қана қоймай, оның жартысын қайтарып ала алады. Осы тақырыпқа аясында BAQ.KZ тілшісі Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетіне сауал жолдады.
Көп балалы отбасыларға арналған жеңілдіктер қандай?
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап төрт немесе одан көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасылар жеке табыс салығын есептеу кезінде қосымша шегерімдерді пайдалана алады.
Жеңілдік мөлшері:
- Егер салық шегерімі бір ата-анаға есептелсе – ай сайын 23 АЕК мөлшерінде азайтылады.
- Егер шегерім екі ата-анаға тең бөлінсе – әрқайсысы ай сайын 12 АЕК мөлшерінде қолдана алады.
- Бұл жеңілдік жылына 282 АЕК-тен аспауға тиіс.
Шарттары қандай?
Көп балалы отбасы мәртебесін растау үшін балалардың туу туралы куәліктерін салық органдарына тапсыру қажет. Одан бөлек, барлық азаматтарға айына 14 АЕК мөлшерінде стандартты салықтық шегерім қолданылады.
Мүлік салығынан кімдер босатылады?
Кеңес Одағының батырлары, "Халық қаһарманы" және "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы бар азаматтар – 1000 АЕК-ке дейінгі мүлік салығынан босатылады.
ҰОС ардагерлері, мүгедектігі бар азаматтар, көп балалы аналар ("Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері), бөлек тұратын зейнеткерлер – 1500 АЕК-ке дейінгі мүлкіне салық төлемейді.
Қандай мүлікке қолданылады?
- Тұрғын үй қоры, оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар.
- Үй жанындағы жер учаскелері.
- Бағбандық және саяжай құрылысына арналған жер телімдері.
Көлік салығы: кімдерге жеңілдік бар?
Кімдер көлік салығын төлемейді:
- ҰОС ардагерлері және соғысқа қатысқан ардагерлер.
- Кеңес Одағының батырлары, "Халық қаһарманы","Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болғандар.
- "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлері.
- Мүгедектігі бар азаматтар.
Жеңілдік шарттары мынандай:
Егер азаматтың бірнеше көлігі болса, олардың ішіндегі біреуіне ғана салықтық жеңілдік қолданылады.
Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне арналған салықтық жеңілдіктер бар.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер (АШТӨ – агроөнеркәсіптік кешендер мен кооперативтер):
- Корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығы 70%-ға қысқартылады.
- Әлеуметтік салық мөлшері азайтылады.
- Мүлік және көлік салығы 70%-ға төмендейді.
Шаруа немесе фермер қожалықтары (ШФҚ):
- Негізгі салық ретінде бірыңғай жер салығын (БЖС) төлейді.
- Жеке табыс салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан және әлеуметтік салықтан толық босатылады.
- Егер фермер қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуші болмаса, бұл салықты төлеуден де босатылады.
Салықтық жеңілдікті қалай алуға болады?
Егер сіз жоғарыда аталған санаттардың біріне жатсаңыз, салық органдарына тиісті құжаттармен жүгінуіңіз қажет.
Қажетті құжаттар тізімі:
- Көп балалы отбасы үшін – балалардың туу туралы куәлігі.
- Ардагерлерге – ардагер куәлігі.
- Мүгедектігі бар адамдарға – медициналық анықтама.
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері үшін – награданың куәлігі.
Егер салық органдары сіздің өтінішіңізді қабылдамаса немесе жеңілдіктер дұрыс есептелмесе, сіз шағым беруге құқылысыз.