Қазақстандықтар рубльді сатып алғаннан гөрі сатуды жиілетті – Ұлттық банк
Қазақстандықтардың қолма-қол рубльге деген теріс таза сұранысы елдің 12 өңірінде тіркелді. Бұл өңірлерде айырбастау пункттері рубльді сатқаннан гөрі көбірек сатып алған.
Маусым айында Қазақстандағы айырбастау пункттері қолма-қол рубльді сатқаннан гөрі көбірек сатып алған.
Бұл туралы Бірінші кредиттік бюро Ұлттық банк деректеріне сүйене отырып хабарлады.
Маусымда айырбастау пункттерінің қолма-қол рубльді сатып алу көлемі сату көлемінен 17,5 млрд теңгеге артық болды. Бұл көрсеткіш мамыр айымен салыстырғанда 42 пайызға, ал 2025 жылдың маусымымен салыстырғанда 57 пайызға төмендеген.
Сарапшылардың мәліметінше, соңғы алты жарым жыл ішінде айырбастау пункттеріндегі қолма-қол рубльдің таза сатылымы (сату көлемінен сатып алу көлемін шегергендегі көрсеткіш) алғаш рет 2022 жылдың қыркүйегінде теріс мәнге өткен. Содан бері мұндай жағдай ай сайын жиі тіркеліп келеді. Ең төменгі көрсеткіш 2025 жылдың шілдесінде тіркеліп, –53,2 млрд теңгені құраған.
Сарапшылар рубль ұсынысының азаюына маусым айының қорытындысы бойынша теңгенің рубльге қатысты айтарлықтай нығаюы әсер еткенін айтады. Осы кезеңде рубльдің ресми бағамы 10,1 пайызға төмендеп, 1 маусымдағы 6,83 теңгеден 1 шілдеде 6,14 теңгеге дейін арзандаған.
Қазақстандықтардың қолма-қол рубльге деген теріс таза сұранысы елдің 12 өңірінде тіркелді. Бұл өңірлерде айырбастау пункттері рубльді сатқаннан гөрі көбірек сатып алған.
Жалпы көрсеткіштің 71 пайызы Астана мен Алматының үлесіне тиесілі. Ал қалған сегіз өңірде айырбастау пункттері рубльді сатып алғаннан гөрі көбірек сатқан. Ең жоғары айырмашылық Қарағанды облысында байқалып, сатылған рубль көлемі сатып алынған көлемнен 1 млрд теңгеге артық болған.
Сонымен қатар, жаздың алғашқы айында айырбастау пункттеріндегі қолма-қол АҚШ долларының таза сатылымы мамырмен салыстырғанда 94 пайызға, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға өсіп, 126,5 млрд теңгеге жетті.
Ал еуроның таза сатылымы соңғы 16 айдағы ең жоғары деңгейге көтеріліп, 25,7 млрд теңгені құрады. Маусым айында бұл көрсеткіш мамырмен салыстырғанда 2,2 есеге, ал өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 22,4 есеге артқан.