Қазақстандықтар қарызы кешірілгенін қалай тексере алады? – Депутат түсіндірді
Заң күшіне енгеннен кейін рақымшылыққа ілінген азаматтарға SMS келеді.
Қазақстандықтар әкімшілік рақымшылыққа ілінгенін қалай біледі және кешірілген айыппұлдар қашан жойылады? Бұл сұраққа Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілістегі брифинг барысында редакциямыз рақымшылыққа ілінген азаматтарды хабардар ету тәртібін және айыппұлдардың нақты қай уақытта кешірілетінін сұрады.
Депутаттың айтуынша, рақымшылыққа қатысты ақпаратты азаматтардың өздері іздеп жүруге міндетті емес.
Абзал Құспан рақымшылықты қолдану ең алдымен мемлекеттік органдардың міндеті екенін атап өтті.
Бұл ең алдымен мемлекеттік және құқық қорғау органдарына жүктелетін міндет. Бұл азаматтардың міндеті емес, – деді депутат.
Сонымен бірге қандай да бір себеппен рақымшылыққа ілінбей қалғанын анықтаған азаматтардың құзырлы органдарға жүгінуге құқығы бар екенін айтты.
Депутаттың сөзінше, қазіргі цифрландыру деңгейін ескерсек, азаматтарды хабардар ету автоматты түрде жүргізіледі.
Рақымшылыққа ілінген адамдарға:
- жеке кабинеттері арқылы;
- электронды пошта арқылы;
- SMS-хабарлама түрінде;
басқа да байланыс арналары арқылы ақпарат беріледі.
Әр азаматтың жеке кабинетіне хабарлама келеді. Егер жеке кабинеті болмаса, SMS немесе өзге де байланыс құралдары арқылы хабардар етіледі, – деді Абзал Құспан.
Қай орган жауап береді?
Депутат рақымшылықты орындау әр мемлекеттік органның өз құзыреті аясында жүзеге асырылатынын түсіндірді.
Егер іс сот орындаушыларының өндірісінде болса, бұл жұмысты сот орындаушылары жүргізеді. Ал айыппұл ішкі істер органдарының құзыретіне жатса, оны Ішкі істер министрлігі жүзеге асырады.
Сол сияқты Мемлекеттік кірістер комитеті де өз құзыретіндегі істер бойынша рақымшылықты орындауға міндетті болады.
Айыппұлдар қашан кешіріле бастайды?
Абзал Құспанның айтуынша, рақымшылық бірден күшіне енбейді.
Алдымен заң жобасы Парламенттің екі палатасында қаралуы тиіс. Одан кейін құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Заң қабылданып, Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін және ресми жарияланған сәттен бастап күшіне енеді. Рақымшылық та сол уақыттан бастап қолданыла бастайды, – деді депутат.