Қазақстандықтар паспортын 10 күн ішінде рәсімдей алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетімен бірлесіп мемлекеттік қызмет көрсету процесін оңтайландыру бойынша жүргізілген пилоттық жоба аясында ҚР азаматының паспортын Қазақстанның Мәскеудегі елшілігінің консулдық бөлімінде ресімдеу мерзімін 80-нен 10 күнге дейін қысқартты. Бұл туралы тиісті министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресімдеу бойынша негіздер болған жағдайда, мәселен, сол елде тұрақты тұруға рұқсат алу, күндізгі оқу, еңбек шартын құру кезінде паспорт күнтізбелік 10 күн ішінде ресімделуі мүмкін, - делінген хабарламада.
Құжаттар тапсырылғаннан кейін азамат елшілік әзірлеген Телеграмм-бот арқылы құжаттың дайындығын бақылай алады.
Сондай-ақ, құжаттану ережелері бойынша барлық қосымша ақпаратты Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінің сайтында немесе мына сілтеме арқылы өтіп, құжаттарды қабылдау және оларды дайындау ережесімен танысуға болады.