16 Шілде 2026, 17:00 Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Қазақстандықтар партиялардан не күтеді? Сарапшы сайлаушылардың басты сұранысын атады

Алматы қаласында «Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасының негізі» тақырыбында Сарапшылар платформасының отырысында Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеев соңғы әлеуметтік зерттеулер азаматтардың саяси ұстанымында өзгеріс бар екенін көрсеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, партиялардың съездері мен белсенді ақпараттық науқандарынан кейін қай партияға дауыс беретінін әлі шешпегендердің саны біртіндеп азайған.

Селтеевтің айтуынша, бұған дейін жүргізілген сауалнамада респонденттердің 25 пайыздан астамы қай партияны қолдайтынын анықтамаған болса, кейінгі зерттеулерде бұл көрсеткіш 22 пайыздан 20 пайызға дейін төмендеген.

Бұл халықтың партиялардың белсенді жұмысын байқап, біртіндеп өз таңдауын жасай бастағанын көрсетеді. Азаматтық белсенділіктің деңгейі де жоғары, – деді Оразғали Селтеев.

Сарапшы сайлауға қатысуға ниетті адамдардың нақты дауыс беруіне түрлі маусымдық факторлар әсер етуі мүмкін екенін де айтты. Оның ішінде мектепке дайындық, егін жинау науқаны, демалыс кезеңі сияқты жағдайлар бар.

Адамдар сайлауға барамыз деп айтуы мүмкін. Бірақ дауыс беру күні әртүрлі тұрмыстық жағдайлар олардың шешіміне ықпал етуі ықтимал, – деді институт директоры.

Сонымен қатар Селтеев соңғы бір-екі айдағы зерттеулерде ерекше үрдіс байқалғанын жеткізді. Егер бұрын қазақстандықтарды ең алдымен азық-түлік бағасының қымбаттауы, инфляция, жемқорлық, медицина мен білім беру қызметтерінің сапасы алаңдатса, қазір сайлаушылардың саяси партияларға қоятын талабы өзгерген.

Соңғы зерттеулер көрсеткендей, электоралдық үдерістер тұрғысынан азаматтар партиялардың өз құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесіне көбірек назар аударғанын қалайды. Осы бағытты сайлаушыларға барынша жақын әрі түсінікті жеткізе алатын партиялар коммуникациялық тұрғыдан басымдыққа ие болады, – деді Оразғали Селтеев.