Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға визасыз кіре алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 сәуірден бастап Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы қазақстандық азаматтарға қатысты визалық талаптарды өзара жою туралы келісімнің қолданысын жаңғырту қалпына келтіріледі.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін оны Оңтүстік Корея тарапы COVID-19 пандемиясына байланысты тоқтатты. Осылайша, Қазақстан азаматтары – ұлттық паспорттардың иелері - Корея Республикасына 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз қайта кіре алады.
Корея Республикасында еңбек етуге, білім алуға немесе Оңтүстік Корея аумағында тұруға ниет болған жағдайда тиісті визаны алу қажет.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта шетелдік азаматтардың Корея Республикасына кіруін авторизациялаудың «К-ЕТА» электрондық жүйесі жұмыс істейтінін ескеру қажет. Оған сәйкес елге визасыз режим негізінде келетін шетелдіктерге ұшуға дейін кемінде 24 сағат бұрын www.k-eta.go.kr сайты арқылы жоспарланған сапар туралы электрондық хабарлама түрінде өтініш беру және содан кейін Оңтүстік Корея билігінің елге кіруге рұқсатын алу талап етіледі. Мұндай рұқсат болмаған жағдайда әуекомпания ұшаққа бортқа отырғызудан бас тартуға мәжбүр болады.
Бұдан басқа, Корея Республикасына сапар шегетін азаматтарға осы елде қолданылатын эпидемияға қарсы шаралар туралы ақпаратты Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының консулдық мекемелерінде алдын ала нақтылауға кеңес береміз, - делінген хабарламада.