Қазақстандықтар онкологияны емдейтін озық технологиядан айырылуы мүмкін – депутат дабыл қақты
Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Қазақстандағы ядролық медицина мен жоғары технологиялық онкологиялық көмектің дамуына қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау өзінің депутаттық сауалын Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдап, Қазақстандағы ядролық медицина мен жоғары технологиялық онкологиялық көмектің дамуына қатысты өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат атап өткендей, ядролық медицина саласын дамыту – Президенттің тікелей қолдауымен жүргізіліп отырған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Шетелдік сапарлар барысында Президент жаһандық бизнес көшбасшыларымен және инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, елге озық медициналық технологияларды тартудың негізгі драйвері ретінде әрекет етуде. Нәтижесінде стратегиялық инвестициялық жобалар іске қосылып, Қазақстанда жоғары технологиялық ядролық медицина нөлден бастап құрылды.
Мысалы, елімізде томотерапия орталықтарына салынған инвестиция көлемі 60 млн АҚШ долларын құрап, алғаш рет АҚШ-тан томотерапия технологиясы трансферті жүзеге асырылды. Қазір Қазақстанда тек екі орталық қызмет көрсетеді, және олар JCI сертификатына ие, сапасы мен қауіпсіздігі әлемдік стандарттарға сай, - деді Нұргүл Тау.
Сондай-ақ 770 жоғары білікті маманнан тұратын кәсіби кадрлар мектебі құрылып, олар медициналық физиктер мен радиологтар ретінде елдегі жоғары технологиялық онкологиялық көмектің «алтын қорына» айналды. Бұл орталықтардың жұмысы «2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспардың» негізгі элементі. Жоспарда нақты KPI көрсеткіштері белгіленген:
• Онкологиялық ауруларды ерте анықтау үлесін 35%-ға дейін арттыру;
• Өлім-жітім көрсеткішін 100 мың тұрғынға шаққанда 64,5%-ға дейін төмендету;
• Сәулелік емдеумен қамтуды 53%-ға дейін ұлғайту;
• Бес жылдық өмір сүру деңгейін 60%-ға дейін арттыру.
Ерекше атап өту керек, томотерапияны қолданған жеке орталықтарда бес жыл ішінде 80-81% өмір сүру деңгейіне қол жеткізілді, бұл республикалық орташа көрсеткіштен едәуір жоғары. Соңғы бес жылда орталықтарда шамамен 5,5 мың пациент емделген.
Алайда, депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылғы 1 қазандағы №103 бұйрығы арқылы азаматтардың жаңа технологиямен емделу мүмкіндіктерін шектеп отыр. Бұйрық томотерапияны жоғары технологиялық көмек тізбесінен шығарып, оны клиникалық-шығындық топтар (КЗГ) арқылы қаржыландыру моделіне ауыстырған. Тариф бір сеанс үшін 4,5 есе төмендетілген, бұл жабдықтың амортизациясын өтемейді.
Осы әрекет АРВ талдауынсыз қабылданып, экономиканы либерализациялау саясатына қайшы келеді. Қолданыстағы әдістеме Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына сәйкес келмейді, бұл жеке инвесторларды мемлекеттік сектормен тең мүмкіндікке ие болмауына әкеліп соқтырады.
Депутат атап өткендей, көтерілген мәселе республикалық бюджеттен қосымша қаражат талап етпейді – 2026 жылға томотерапияны қолдауға 11 млрд теңге бөлінген. Алайда бұндай шешім жыл сайын 600 азаматтың өміріне қауіп төндіруі мүмкін, сондай-ақ стратегиялық инвесторлардың сенімін әлсіретіп, инвестициялардың басқа елдерге кету қаупін тудырады.
Осыған байланысты Нұргүл Тау Премьер-министрге мына тапсырмаларды беру қажеттігін айтты:
1. Ядролық медицина секторын сақтау бойынша жедел шешімдер әзірлеу;
2. Онкологиялық пациенттердің томотерапияға мемлекеттік кепілдік берілген көмек (ГОБМП) аясында қол жеткізуін қамтамасыз ету;
3. Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына сәйкес тариф қалыптастыру әдістемесін қайта қарау.