17 Қыркүйек 2026, 14:24 Фото: архив

Қазақстандықтар өмірін сақтандырудың пайдасын түсінбейді – сарапшылар

Қазақстанда өмірді сақтандыру нарығы өсіп келе жатқанымен, азаматтардың бұл өнімге деген қызығушылығы әлі де төмен. Сарапшылардың пікірінше, мәселе тек қаржылық сауаттылықта емес, халықтың сақтандыруға деген көзқарасы мен компаниялардың жұмыс тәсілінде де жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

«БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрмановтың айтуынша, қазақстандықтар негізінен белгілі бір жағдайға байланысты ғана сақтандыру рәсімдейді.

Мысалы, несие рәсімдеу кезінде кепіл мүлкін сақтандыру қажет болса немесе шетелге шығу үшін медициналық сақтандыру талап етілсе, азаматтар сақтандыру полисін сатып алады. Ал өмірді сақтандыру сияқты өнімдер күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айнала қойған жоқ, - дейді Құрманов.

Оның сөзінше, дамыған елдерде адамның өміріндегі әрбір маңызды кезең белгілі бір сақтандыру түрімен байланыстырылады. Көлік сақтандыруының мерзімі аяқталғанда жүргізушілерге ескерту келетіндей, басқа сақтандыру өнімдері де азаматтардың өмірлік қажеттіліктерімен тығыз байланыстырылған.

Өмірді сақтандыру әрдайым ерікті өнім болып қала береді. Сондықтан оны нақты өмірлік жағдайлармен байланыстырмай халыққа ұсыну оңай емес, – деді Жанат Құрманов.

Нарықта сатуға емес, түсіндіруге басымдық берілуі керек

Ал «Халык-Life» АҚ басқарма төрағасы Гаухар Бурибаеваның пікірінше, сақтандыру компаниялары көбіне полисті сатуға көңіл бөледі де, оның қандай пайда әкелетінін жеткілікті түсіндірмейді.

Оның айтуынша, азаматтарға сақтандырудың қаржылық қауіптерден қалай қорғайтынын, болашақтағы қандай тәуекелдерді азайтатынын кеңірек түсіндіру қажет.

Біз сақтандыру сыйлықақыларын көбейту туралы ғана емес, халықтың сақтандыру өнімдеріне деген сенімін арттыру туралы көбірек айтуымыз керек. Адамдар өмірді сақтандырудың не үшін қажет екенін түсінуі тиіс, – деді ол.

Сенім – нарықтың басты мәселесі

Гаухар Бурибаева сақтандыру нарығы үшін ең маңызды факторлардың бірі сенім екенін атап өтті. Оның пікірінше, азаматтар сақтандыру компанияларының төлемдерді уақытында және толық көлемде жүзеге асыратынына көз жеткізген кезде ғана бұл өнімдерге қызығушылық артады.

Сарапшының айтуынша, бүгінгі таңда өмірді сақтандыру компанияларының қаржылық мүмкіндіктері ұзақ мерзімді жинақтаушы өнімдерді дамытуға жеткілікті. Себебі мұндай келісімшарттар 5, 10 немесе 15 жылға жасалады және ұзақ мерзімді міндеттемелерді қамтиды.

Өмірді сақтандыру қаржылық сауаттылықпен ғана байланысты емес

Сарапшылардың пікірінше, өмірді сақтандыру нарығының дамуы тек халықтың қаржылық сауаттылығына тәуелді емес. Бұл ретте сақтандыру компанияларының стратегиясы, өнімдердің тартымдылығы және клиенттердің сенімін қалыптастыру жұмыстары да шешуші рөл атқарады.

Олардың айтуынша, сақтандыру саласы халыққа өнімді сатуға емес, оның маңызын түсіндіруге басымдық берген жағдайда ғана өмірді сақтандыру мәдениеті кеңінен қалыптаса алады.