Қазақстандықтар не ойлайды? Президентке сенім деңгейі жарияланды
Demoscope сауалнамасына сәйкес, қазақстандықтардың 61,3 пайызы Президентке сенім білдірген. 72,4 пайызы ел дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді.
Demoscope зерттеу жобасының сәуір айында Қазақстанның барлық өңірінде 1 100 респондент арасында жүргізген жаңа сауалнамасы қоғамда биліктің негізгі институттарына қатысты тұрақты оң көзқарас қалыптасқанын көрсетті. Сенім деңгейі бойынша көш бастап тұрған – Мемлекет басшысы.
Сауалнамаға қатысқандардың 61,3 пайызы Президентке сенетінін айтқан. Бұл – биліктің барлық тармақтары арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Ал 17 пайызы сенбейтінін білдірсе, қалғандары нақты жауап беруге қиналған.
Қазақстан Үкіметіне респонденттердің 47,4 пайызы сенім білдірген. Жергілікті әкімдіктерге – 50,2 пайыз, Парламентке – 40,5 пайыз, құқық қорғау органдарына – 46,8 пайыз, соттарға – 43,7 пайыз сенетінін жеткізген. Барлық мемлекеттік институттар бойынша сенім білдірушілер үлесі сын көзқарастағылардан едәуір жоғары болған.
Сонымен қатар қазақстандықтардың 72,4 пайызы ел дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді. Оның ішінде 44,6 пайызы «дұрыс бағытта» деп нық сеніммен жауап берсе, 27,8 пайызы «көбіне дұрыс бағытта» деген пікір білдірген. Бұл – күмәнмен қарайтындардың үлесінен шамамен үш жарым есе көп.
Билік жариялаған Әділетті Қазақстан құру бағыты да айтарлықтай қолдау тапқан. Сауалнамаға қатысқандардың 55,6 пайызы бұл ұран нақты іс-әрекетке сай келеді деп санайды. Оның ішінде 12,6 пайызы «толық сәйкес келеді», 43 пайызы «көбіне сәйкес келеді» деп жауап берген.
Соңғы бір жылдағы динамика да билік үшін қолайлы болған. Қазақстандықтардың 73,7 пайызы соңғы 12 айда билікке деген сенімі не артқанын, не өзгеріссіз қалғанын айтқан. Атап айтқанда, 23,4 пайызы сенім деңгейі өскенін, 50,3 пайызы өзгермегенін көрсеткен.
Сауалнама елдің барлық өңірінде, соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және барлық облыстарда жүргізілген. Қатысушылардың 65,8 пайызы сауалнамаға қазақ тілінде жауап беруді таңдаған.