Қазақстандықтар мен шетелдіктердің жалақы айырмашылығын қысқарту керек – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламенттің жоғарғы палатасының жалпы отырысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы қазақстандықтар мен шетелдіктердің еңбекақысында айырмашылық жер мен көктей деді. 

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы «мұнай саласы еңбекақысындағы сәйкессіздіктерді қысқарту керек» дейді. Ол осындай ұсынысымен премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады. 

«Елімізде инвестиция салудағы ахуалдың қолайлы әрі тұрақты болуына байланысты, тек соңғы он жылдың ішінде Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция тартудағы жан басына шаққандағы көлемі бойынша Шығыс Еуропа елдері мен ТМД елдері арасында алдыңғы орынға шықты. Тәуелсіздікке ие болғаннан бері елімізге әлемнің 120-дан астам елінен 320 млрд доллардан астам тікелей инвестиция тартылды. Алайда, шетелдік инвесторлар қаржысын негізінен мұнай-газ, тау-кен саласына салып жатыр. Шетелдік инвесторлардан технология мен өндіріс саласына керекті білімді игеріп, өзіміздің кадрларды дайындап, шетелдік мамандардың орнын басу баяу жүруде. Осы кезге дейін елімізде мұнай өнімдерін өндіретін заманауи мұнай өңдеу зауыты салынған жоқ. Шетелдік ірі инвесторлар мұнай зауытын салуға құлықсыз. Өйткені инвесторлар біздің шикізаттық ресурстарымызды шикідей алып кетіп, өзімізге 8 есе жоғары бағамен сатқанды жөн көреді. Үкімет оларға «мұнай зауытын салыңдар» деп қатаң талап қоя алмады. Нәтижесінде біз мұнай өндіру жағынан тек шикізаттық елге айналдық», - дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Депутаттың мәліметінше, еліміз тәуелсіздік жылдары 1,5 млрд тонна мұнай мен газ конденсатын өндіріп, шикізатты экспорттау көрсеткіші бойынша әлемдегі алғашқылардың қатарына кірді. Оның айтуынша, өзімізден шығып жатқан көл-көсір шикізатты шетелге арзан бағамен өткізіп, олардан терең өңделген өнімдерді бірнеше есе қымбатқа сатып алу тоқтар емес. Нәтижесінде импорт өнімдері үшін төленген қыруар қаражат шет елдердің экономикасына жұмсалып жатыр. 

«Осы жылдар ішінде еліміздегі мұнай-химия саласын жолға қоя алмадық. Оның елдің ІЖӨ-дегі үлесі – 0,8%. Салыстыра кетсек, бұл АҚШ-та – 6,4%, Германияда – 7,2%, Қытайда – 9%. Одан кейін, барлық  мердігерлер, шетелдік компаниялар өз мамандарымен келісімшарт жасап, пайда тауып, қаржысын шетелге алып кетіп жатыр. Ал біздің субқосалқы мердігерлер – ыстық күннің астында қара жұмысты тәуліктеп істейтін, табаны құмға, маңдайы күнге күйетін жүздеген қазақстандық бригада, яғни еліміздің мыңдаған қарапайым жігіті туған жерінің гастарбайтерлері сияқты күн кешіп, негізінен жалақысы төмен қара жұмыста жүр. Нәтижесінде соңғы кезде шетелдік инвесторларды жақтырмау, өз жерінде алдану, өздерін құқықсыз және қажетсіз сезіну жиі көрініс табуда. Шетелдік мамандар осы жұмысты салқын кабинеттерінде отырып, қатаң бақылайды. Олар біздің азаматтардың білімін, біліктілігін төмен санайды. Ширек ғасырдан астам уақыт жергілікті кадрлар мен компаниялардың дамуына мүдделілік танытып, оларға бәсекелестік орта жасамаса, олар қалай дамиды?», - дейді сенатор.

Сенат депутатының айтуынша, мұнай компанияларында шетелдік және қазақстандық мамандарға жалақы төлеу мәселесінде үлкен айырмашылық бар. 

«Қызылорда облысындағы ірі мұнай компанияларында лауазымдары мен атқаратын функционалдық міндеттері бірдей қазақстандық және шетелдік қызметкерлердің жалақысында сәйкессіздік фактісі анықталды. Шетел қызметкерлеріне лауазымдық еңбекақысы мен шетелдегі жұмысы үшін аумақтық үстемақыдан басқа, заңмен көзделмеген үстемақы түрлері, сыйақы және өзге де төлемдер төленетіні белгілі болды. Кейбір жағдайда жалақы айырмашылығы 10 есеге дейін жеткен. Мысалы, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясында жұмыс істейтін қазақстандық учаске шеберінің еңбекақысы 315 мың теңге болса, осы лауазымдағы шетелдік маманның жалақысы 3 млн теңгеден асқан. Мұндай мысалдар Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында да жеткілікті. Өкінішке қарай, Қазақстан Республикасының қолданыстағы еңбек және жұмыспен қамту заңнамасында сәйкессіздік фактісі орын алғанда жұмыс берушілерді жауапқа тарту тетіктері қарастырылмаған. Осыған байланысты, жергілікті және шетелдік қызметкерлерге еңбекақы төлеу туралы халықаралық тәжірибені тұжырымдауды сұраймын. Бұған қоса, еңбекақыдағы сәйкессіздіктерді қысқарту, оның ішінде шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде міндеттемелерді орындау бойынша жауапкершілікті күшейту әрі мұнайды терең өңдейтін мұнай-химия саласын дамыту туралы кешенді шаралар қабылдауды сұраймын», - деп түйіндеді депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы