Қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді робот арқылы ала алады

Бірыңғай байланыс орталығының желісінде тәулік бойы мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес беретін робот іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мемлекеттік  корпорация сапалы түрде қызмет көрсету мақсатында 1414 желісінің жұмысын тұрақты түрде дамытып келеді. Енді бірыңғай байланыс орталығының роботы ХҚКО-ға кезекке тұру, құжаттардың дайындығын тексеру, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерден анықтамалар беру сияқты қызметтерді көрсете алады. Кезекті брондау үшін нөмірді енгізетін батырмада ЖСН-ді теріп, өзіңізге жақын ХҚКО-ны таңдап, орталыққа келу уақытын ескерту қажет. Оған қоса, робот арқылы анықтама алу үшін телефонға келген sms хабарламадағы кодты растап, ЖСН енгізу керек. Барлық мәзірді дұрыс орындағаннан кейін 1414 нөмірінен сілтеме жіберіледі. Сонымен қатар, робот белгілі бір қызметті алу үшін қажетті құжаттардың тізімін sms хабарлама арқылы жолдайды.

Виртуалды оператордың әлі де кемшілік тұстары бар. Қоңырау шалу барысында робот сізді дұрыс түсінбейтін жағдайлар болуы мүмкін, бірақ оны неғұрлым көп адам қолданса, кеңес беру деңгейі соғұрлым жақсарады. Біз мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта робот көрсететін мемлекеттік қызметтер тізімін арттыратынымызды атап өтемін, - дейді Мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин.

Робот ең танымал 50 мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес береді. 

Айта кетейік, 1414 бірыңғай байланыс орталығы азаматтарға 11 жылдан астам уақыт бойы қызмет көрсетіп келеді. Жыл басынан бері желіге 1,2 миллионнан астам қоңырау түскен, оның 35 пайызына робот қызмет көрсеткен.    

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы