Қазақстандықтар кредитке не сатып алады? Ақша қайда жұмсалатыны белгілі болды
Ең көп ақша қайда жұмсалатыны белгілі болды.
Қазақстандықтар тұтынушылық кредитті көбіне тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ірі тұрмыстық техника мен киім-кешек сатып алуға алады. Атап айтқанда, құрылыс материалдары мен жиһазға арналған кредиттердің үлесі 32,3 пайызды құрайды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Агенттік мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында халыққа берілген тұтынушылық кредиттер құрылымында кепілсіз қарыздардың үлесі басым болған.
Атап айтқанда:
- кепілсіз тұтынушылық кредиттер – 83,8 пайыз;
- автокредиттер – 12,1 пайыз;
- кепілді тұтынушылық кредиттер – 4,1 пайыз.
Қазақстандықтар кредитке не сатып алады?
Екінші деңгейдегі банктердің деректеріне сәйкес, кепілсіз тұтынушылық кредиттер құрылымында тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған қарыздардың үлесі жоғары. Бұл санатқа құрылыс материалдары мен жиһаз сатып алуға берілген кредиттер кіреді. Олардың үлесі 32,3 пайызды құрайды.
Ірі тұрмыстық техника сатып алуға арналған кредиттердің үлесі 12,9 пайыз болса, киім мен аяқкиімге алынған қарыздардың үлесі 8,7 пайызға жеткен.
Сондай-ақ автотауарларды сатып алуға арналған кредиттердің үлесі 6,8 пайызды құрайды. Бұл санатқа автомобиль шиналары, қосалқы бөлшектер, керек-жарақтар және басқа да тауарлар кіреді.
Смартфон, мобильді телефон және планшет сатып алуға арналған кредиттердің үлесі 6,1 пайыз болған.
Білім мен емделуге кредит ала ма?
Агенттік ұсынған статистикада білім алу мен денсаулық сақтау шығындарына арналған кредиттер де жеке көрсетілген.
Атап айтқанда:
- білім беру – 3,8 пайыз;
- саяхаттау – 3,7 пайыз;
- үйге арналған тауарлар – 2,9 пайыз;
- денсаулық сақтау – 2,6 пайыз.
Ал өзге санаттардың үлесі 23,1 пайызды құрайды.
Айта кетейік, бұл құрылым екінші деңгейдегі банктердің кепілсіз тұтынушылық кредиттері бойынша деректеріне негізделген. Есептеуде қолма-қол ақша түрінде берілген және қайта қаржыландыру мақсатындағы кредиттер ескерілмеген.
Осылайша, банк деректеріне сәйкес, кепілсіз тұтынушылық кредиттер құрылымында ең үлкен үлес тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған қарыздарға тиесілі. Ал ірі тұрмыстық техника сатып алу екінші орында тұр.