Қазақстандықтар көлік салығын 1 сәуірге дейін төлеуі керек
1 сәуірге дейін көлік салығын төлеу керек.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қуаныш Түменбаев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылдың 1 сәуіріне дейін көлік иелерінің бәрі міндетті түрде өткен жыл үшін салық төлеулері керек екенін еске саламыз. Төлем уақтылы жасалмаған жағдайда, әрбір кешіктірілген күн үшін қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл алынады.
Борышкерге 30 жұмыс күні ішінде берешекті өтеу туралы хабарлама жіберіледі. Хабарландыру мерзімі өткеннен кейін берешек сомасы 1 АЕК-тен асатын болса, борышкерге 5 жұмыс күні ішінде берешекті өндіріп алу туралы салық бұйрығы жіберіледі, - деді спикер.
Спикер атап өткендей, борышкерлерге сот орындаушылары тарапынан одан әрі мәжбүрлеу шаралары қолданылады, оның ішінде мүлкі мен банк шоттарына тыйым салудан бастап, оның ішінде елден тыс жерлерге шығуына шектеу қойылады. Бұл ретте қарыз сомасына қосымша негізгі қарыз сомасының 25%-ға дейінгі мөлшерінде сот шығындары алынады. Сондай-ақ борышкерлер банктік қызметтерді ала алмайды, оның ішінде банк шоттарын ашу, ақша аудару, несие алу және т.б.
Салық сомасын e-Salyk-Azamat мобильді қосымшасы арқылы немесе Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.kz интернет-ресурсында есептеп, төлеуге болады.
Көлік салығын e-Salyk-Azamat мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады. Қосымшада төлемді жүзеге асыруға болатын «Салық әмияны» қызметі бар. Сонымен қатар, бұл қосымша дайын реквизиттерді пайдалана отырып, бір уақытта төлемдерді жүзеге асыру мүмкіндігімен «алдағы төлемдер» сервисінде есептелген салық сомасын білуге мүмкіндік береді, - деп бөлісті спикер.
Салық төлемдерін екінші деңгейлі банктердің, «Қазпошта» АҚ филиалдарында немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы да төлеуге болады. Сонымен қатар, басқарма салықты көлік құралы иесінің тұрғылықты жері бойынша төлейтінін еске салды.
Агенттіктің мәліметінше, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Алматыда 441 221 жеке тұлғаның атына тіркелген 709 944 көлік бар. 2022 жылға есептелген салықтың жалпы сомасы 16,6 млрд теңге.